Түркия ІІМ Анкарада теракт жасаған лаңкестердің есімін жария етті
Жарияланған күні:
Читать на русскомТүркияның ішкі істер министрі Әли Ерликая 23 қазанда Анкарада теракт жасаған екі лаңкес туралы деректерді әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркияның ішкі істер министрі Әли Йерликая X әлеуметтік желісінде лаңкестердің бірінің есімін жария етті.
"Кешегі сойқан терактіден соң көзі жойылған ер адамның кім екені анықталды, сатқынның есімі Әли Орек, белгісі "Ройгер", КЖП (Күрдістан жұмысшы партиясы - ред.еск.) террористік ұйымының мүшесі екені анықталды", - деп жазды министр .
Келесі жазбасында ол терактіге қатысқан әйелдің кім екенін жазды. Түркия ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, ол - КЖП мүшесі Мине Севджин Алчичек.
"Екі лаңкес те КЖП мүшелері болғаны анықталды. Бірлігімізге, ынтымақтастығымызға және бейбітшілігімізге қауіп төндіретін бұл опасыз террористік ұйымның жерімізден жоқ қылуға білек сыбана кіріспекпіз", - деп жазған Әли Ерликая лаңкестік әрекет салдарынан зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, 23 қазанда Түркияның Анкара қаласында лаңкестік шабуыл болды. Салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар бар. Ақпаратты Түркияның ішкі істер министрі Әли Ерликая растады. Билік лаңкестікті Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшы партиясының мүшелері ұйымдастырған болуы мүмкін деп болжаған.
Осыдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға лаңкестік шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Түркия әскерилері Сирия мен Ирактың солтүстігіндегі 32 нысана жойылғанын хабарлады.
Сонымен қатар билік өкілдері Анкара маңындағы Turkish Aerospace (TUSAŞ) түрік аэроғарыштық компаниясының штаб-пәтеріне жасалған шабуылда кем дегенде бес адам қаза тауып, 22 адам жараланғанын мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2178677-turkiia-iim-ankarada-terakt-zhasagan-langkesterding-esimin-zhariia-etti/