Семей автовокзалы аумағында автобустардың үстіне темір конструкция құлап кеткен
Жарияланған күні:
Желіде Семейдегі сауда орталығының маңында жолаушылар автобустарының үстіне металл конструкция құлағаны туралы ақпарат пайда болды. Оқиғаны Абай облысы полиция департаменті растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Instagram-дағы парақшалардың бірінде автовокзал маңындағы "Ақшын" сауда орталығының аумағында түсірілген видео жарияланды.
"Зардап шеккендер жоқ, тек бірнеше рейстік автобус зақымдалды", - делінген видеоның жазбасында.
Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін сағат 12.15-те "102" арнасына орталық автовокзал аумағында болған оқиға туралы хабарлама келіп түскен.
"Алынған ақпарат бойынша, автобустардың үстіне сауда үйінің металл конструкциясы құлап, салдарынан екі автобус зақымдалған", - деп түсіндірді облыстық полиция департаменті өкілі.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жеткен.
"Алдын ала мәліметтер бойынша, азаматтар арасында зардап шеккендер жоқ, бірақ көлік паркі материалдық шығынға ұшырады", - деп хабарлады ведомство өкілі.
Оқиғаның мән-жайын төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері анықтайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2182838-semei-avtovokzaly-aumagynda-temir-konstruktsiia-avtobustardyng-ustine-qulady/