Алматы облысында жер үйде газ жарылды: апаттан зардап шеккен әйел мән-жайды айтып берді (видео)
Жарияланған күні:
Алматы облысындағы жер үйлердің бірінде газ жарылып, екі адам жарақат алды. Адам тұруға жарамсыз боп қалған үйде газ жарылуына газ жабдығындағы ақау себеп болған. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ сайт КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарылыс Байсерке ауылындағы үйлердің бірінде болған болған. Үйдің шатыры қирап, терезелерінен де түк қалмапты. Жарылыс болған сәтте бөлмелердің бірін жалдап тұрған 44 жастағы әйел мен оның баласы үйде болған. Әйелдің денесінің 25 пайызы күйіп қалған. Ал ұлы жансақтау бөлімінде жатыр.
Екеуі түнгі ауысымдағы жұмысынан келіп ұйықтап жатқан екен. Қираған үй табиғи газ құбырына кеше түс ауа қосылған. Алайда арада бір сағат өте бергенде үйде жарылыс болды. "Апатқа дәл осы қосылған газ жабдығындағы ақау себеп" деп отыр төтенше жағдайлар қызметі.
"Бір сағаттың ішінде балам тұрып, "мама, газдың исі шығып кетті" деді. Сыртқы есікті ашқаным сол еді, газ жарылды. Балам сол газдың жанында тұрған. Газ сырттан келген құбырдан шықты. Содан есімізді жинай алмай, сыртқа бір-ақ ұшырып шығарды. Көршілерден көмек сұрадық", - деді Жанар Мәмбетова.
Үй иесі Зинаш Садықова мұнда газ құбырын тарту үшін үш ай бұрын жарты миллион теңге төлеген. Ол төтенше оқиғаға газды қосқан мамандар кінәлі деп отыр.
"Анау қыз телефон шалып, "тәте, үйден газдың иісі қатты шығып жатыр, біз шықсақ мына үйден" деп хабарласты. "Ойбай, онда қазір мен барамын" дедім. Ана жерден газды өшірсе деп ойладым. Ана кісілер өздері көрсетіп кетті ғой, өшірсе болады деп. Соны өшірейін деп келсем, жарылып кеткен ғой", - деді үй иесі.
Зардап шеккен әйел мен оның баласы ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, 44 жастағы Жанардың беті, мойны, қолы мен сол жақ иығы күйіп қалған. Ал жансақтау бөлімінде жатқан жас жігіт есін жиғанымен, оның жағдайы әлі де ауыр.
"Әйелдің жағдайы орташа ауыр. Шоктан шықты. Қазір жарақат бөлімінде. Ер азаматқа жасалған ем-шараларының, шокқа қарсы терапияның арқасында жағдайы тұрақтанды. Бірақ ауыр. Асқыну белгілері әзірге жоқ. Емін жансақтау бөлімінде жалғастырып жатыр", - деді Іле ауданы орталық ауруханасы директорының орынбасары Нұрлан Әжібеков.
Төтеншеліктер де жарылысты газ жабдығынан болғанын растап отыр. Мамандар тұрғындардан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды тағы өтінді.
"Шақырту орнына келгеннен кейін пәтерлердің бірінде газ жабдығының ақаулығына байланысты газ ауа қоспасы жарылған. Пәтерлер қирамады. Өрттен 1980 жылы туған анасы мен 2001 жылы туған ұлы жедел жәрдеммен ауруханаға жатқызылды. Өрт сөндірілді, қайтыс болғандар жоқ. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымында қауіпсіздік ережесін сақтауды қатаң ұсынады", - деп түсіндірді Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Айғаным Мұсекенова.
Үйі түгел қирап қалған Зинаш Садықова енді тағайындалған сараптаманың қорытындысын күтеді. Ол жұмысына атүсті қарағандарды жазалау үшін сотқа шағымданамын деп отыр.
Дерккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2194068-almaty-oblysynda-zher-uide-gaz-zharyldy/