Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды

Жарияланған күні:

Шерзат Болат
Шерзат Болат. Фото: instagram.com/kris.p.karasai

Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы қайтыс болды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті Telegram-дағы арнасында хабарлады.

Бұл жарияланымда өзіне қол салу жағдайы туралы ақпарат бар. Егер сізге не жақыныңызға күйзеліске түсуге байланысты көмек қажет болса, Қазақстанның түрлі қалаларында іске қосылған сенім телефондарына хабарласа аласыз (телефондар тізімі осында).

Полиция ақпаратынша, Талғар аумағында 30 жастағы ер адамның денесі табылған.

"Ақпараттарға сәйкес, ол өз өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды.

Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында криминалдық сипаттағы қандай да бір іс-әрекеттер анықталмады", - делінген хабарда.

Полиция мәліметінше, марқұм Шерзат Болаттың отбасы полиция күзетінде болған.

"Осы уақытқа дейін отбасына қандай да бір қоқан-лоқы жасау дерегі тіркелмеді. Күзет қызметіндегі қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кетіп қалған.

Тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген хабарда.

Бұл ретте полиция өкілдері қосымша ақпараттар берілетінін айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.

Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2197833-marqum-sherzat-bolattyng-agasy-qaitys-boldy/