Талғар маңында Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды: полиция іске қатысты жаңа дерек жариялады
Жарияланған күні:
Бүгін Талғар қаласының маңында 4 қазанда өлтірілген Шерзат Болаттың ағасының денесі табылғаны туралы ақпарат шықты. Облыстық полиция департаменті іске қатысты жаңа мәліметтер жариялады. Бұл туралы Алматы облысы ПД Telegram-дағы арнасында хабарлады.
Ведомство ақпаратынша, марқұм 4 қазанда қайғылы жағдайда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылу арқылы өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеу барысында марқұм туыстарының біріне өзіне-өзі қол жұмсау туралы мессенджерде жіберген жазбасы анықталды. Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұрады", - делінген хабарда.
Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде.
"Құрметті азаматтар, тек ресми дереккөздерге сенуіңізді сұраймыз және жалған ақпаратты тарату қылмыстық жауапкершілікке дейін әкелуі мүмкін екенін еске саламыз!", - делінген хабарда.
Еске салсақ, бұған дейін Талғар маңында 30 жастағы ер адамның денесі табылғаны хабарланған.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.
Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2197938-talgar-mangynda-sherzat-bolattyng-agasynyng-denesi-tabyldy-politsiia-iske-qatysty-zhanga-derek-zhariialady/