Құтқарушылар Ертіс өзеніне құлап кеткен көлікті тапты (видео)
Жарияланған күні:
Бүгін таңертең Семейде Ертіс өзеніне адамдар мінген көлік құлап кеткен еді. Құтқарушылар эхолоттың көмегімен суға батқан көлік табылғанын хабарлады, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы арнасында.
ТЖМ ақпаратынша, Ертіс өзенінде іздестіру-құтқару жұмыстары барысында Қазақстан ТЖМ құтқарушылары эхолоттың көмегімен суға батқан көлікті тапты.
Іздеу операциясына ведомствоның 100-ден астам қызметкері жұмылдырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында жеңіл көлік Ертіс өзеніне құлап кеткенін жазған едік. Сол кезде полиция іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
ТЖМ ақпаратынша, Ертіс өзенінің жанындағы Бейбітшілік аралында жеңіл автокөлік жүргізушісі бетон қоршаумен соқтығысып, өзенге құлап кетті. Апат кезінде салонда 4 адам болған. Жолаушылардың бірі көліктен өздігінен шығып, жағаға жүзіп шықты. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскеннен кейін бірден оқиға орнына ТЖМ қызметкерлері барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын бастап кетті. Сағат 09:00-де іздеу тобы бір қайтыс болған адамның денесін тауып, судан алып шықты. Ол одан әрі тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция органдарына берілді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/2208341-qutqarushylar-ertis-ozenine-qulap-ketken-kolikti-tapty/