jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    18+
    Нұрила Ермекбай
    Нұрила Ермекбай
    Бұрынғы қызметкер

    Ақмола облысында мектептен келе жатқан оқушыны пойыз қағып кетті

    Фото
    Көрнекі фото: pexels.com

    Ақмола облысының Ерейментау стансасында пойыз он жасар ұл баланы қағып кетті. Оқушы оқиға орнында көз жұмды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

    Қайғылы жағдай 10 мамыр түскі үштер шамасында Ерейментау стансасында болған. Мектепке соңғы қоңырау үшін суретке түсуге барған оқушы үйіне қайтып келе жатқан.

    Баланың ағасы Батырбек Біләловтің айтуынша, оқушы үйіне темір жол арқылы, тұрғындар күнде жүретін жалғызаяқ сүрлеумен келе жатқан. Ресми өткел 500 метр қашықта, алысырақ орналасқан.

    "Қарасу тұрғындары тыйым салынған белгілерге қарамастан жолды төтесінен кесіп жүреді. Бірақ сол маңда өсіп тұрған ағаштардан пойыздарды көру қиын. Оның үстіне сол күні жаңбыр жауып, жел тұрды. Екібастұздан шыққан құрам өткеннен кейін бала қозғала бастаған. Енді пойыз өтпейді деп ойлаған шығар. Оны Ерейментаудан шыққан пойыз қағып кетті", - деді қаза болған оқушының ағасы.

    Батырбек Біләловтің айтуынша, жуырда темір жолда тағы бір қайғылы оқиға болған. Ер адам пойыз астына түсіп, аяғынан айырылыпты.

    Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде елордадағы немесе Көкшетаудағы сияқты баспалдағы бар биік өткел орнатуды сұрап отыр.

    Ерейментау әкімі Төлеутай Мұхамеджанов телефон арқылы берген сұхбатында "билік ҚТЖ-ға әуе өткелін орнату туралы өтінішпен бірнеше рет ресми сауал жолдағанын" атап өтті.

    "Мұндағы халық саны ҚТЖ-ға әуе өткелдерінің құрылысын қаржыландыруға мүмкіндік бермейді. Қала бойында екі жерде ресми өткел бар. Ол жерге шпалдар қойылған, нұсқаушы тұр", - деді қала басшысы.

    Сонымен қатар ол темір жолда жүру ережелерін еске салды. Рұқсат етілмеген жерде жолды кесіп өтуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Ал балалардың қасында міндетті түрде ата-анасы немесе ересек туысқаны болуы керек.

    Ақмола облысында мектептен келе жатқан оқушыны пойыз қағып кетті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.