Ауылының маңынан "сібір жарасынан өлген мал көмілген жер табылды" деген тұрғындар жанайқайын айтты
Жарияланған күні:

Алматы облысы Іле ауданына қарасты Нұрғиса Тілендиев ауылында Сібір жарасынан өлген малды көмген орындар табылды деген ақпарат жергілікті халықты әбден әбігерге түсірген. Мәселені аудан әкімдігінен министрлікке дейін айтып жеткізген тұрғындар бұл әңгіменің шындыққа жанаспайтынын дәлелдей алмай келеміз дейді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Іле ауданы халқын алаңдатқан мәселені тұрғындардың бірі Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың есеп беру жиынында көтерді. Тілендиев ауылы белсендісінің айтуынша, ауыл шетінде сібір жарасына шалдыққан мал қалдығы бар деген ақпаратпен халық мүлдем келіспейді. Олар ауылға арнайы мамандар мен зерттеушілерді шақырып тексерткен. Үш рет экспертиза да жасалғанын алға тартады.
"Өз мәселемізді айтып бармаған жеріміз жоқ. Депутаттарға да шықтық, ауыл шаруашылығы министрлігінде қабылдауда болдық. Бірақ мәселемізді еститін құлақ болмай тұр. Осы жерде "Сібір жарасынан өлген мал көмілген" деген ақпарат еш құжатта жоқ, дәлелдер де жоқ. Тіпті инситуттан арнайы маманды шақыртып, көрсеттік. Олар ондай жерде арнайы шұңқыр болатынын, ешқандай шөп өспейтінін, ерекшеліктері болатынын айтты", - деді тұрғын.
Кездесу кезінде облыс әкімі Мұрат Сұлтанғазиев бұл мәселе толық зерттеуді қажет ететінін айтып, арнайы комссияның шешімін күту керегін еске салды.
"Біздің басты мақсатымыз – қателеспеу. Әрине, ешқандай Сібір жарасынан өлген мал өлексесі көмілген орын табылмаса – өте жақсы. Ал егер күмән тудыратын нәрсе болса, егжей-тегжейлі тексерілу қажет. Министрлік, комитет мамандары толық зерттеу жүргізсін. Зерттеудің нәтижесін күтейік. Өздеріңіз білетіндей, бір адамнан Сібір жарасы анықталып, тоғыз адам аурухана түсті. Біреуі ауыр жағдайда болды", - деп жауап берді өңір басшысы.
Тілендиев ауылының тұрғыны Сібір жарасының көму орындары бар жоғын зерттейтін арнайы комиссияға ауыл заңгерін, белсенділерді қосуды сұрады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2197307-auylynyng-mangynan-sibir-zharasynan-olgen-mal-komilgen-zher-tabyldy-degen-turgyndar-zhanaiqaiyn-aitty/