Оқыс оқиға

Зектілері

Павлодарда төрт жасар бала ойын алаңында биіктен құлап кеткен

Жарияланған күні:

Балабақшадағы бала
Балабақша. Көрнекі сурет: pixabay.com

Павлодарда төрт жасар бала қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі ойын алаңында биіктен құлап кеткен. Бұл туралы баланың анасы желіде хабарлады. Оқыс жағдайға қатыты өңірлік полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Instagram желісіндегі vseobovsem_pvl парақшасында павлодарлық әйелдің үндеуі жарияланған. Келіншектің айтуынша, 12 қаңтарда ата-әжесімен сауда ойын-сауық орталықтарының біріндегі ойын ааңына барған бала 5 метр биіктен құлап кеткен.

"Ол ішке екі ағасымен кіріп кеткен. Атамыз кіреберісте күтіп отырған. Оны іштен шығарған кезде мұрны мен аузынан қан кетіп, қатты қорыққан. Ортаншы ұлым да құлап кете жаздағанын, бірақ аяғы ілініп қалғанын айтты. Фото мен видео дәлел бар.

Дереу жедел жәрдем мен полиция шақырдық. Облыстық ауруханаға бардық. Қазір ми шайқалуы диагнозымен жатырмыз, әзірге тексеріліп жатырмыз. Кінәлілерді жазалауды талап етеміз, өйткені бала бар жерде барлық қауіпсіздік шарасы сақталуы қажет", - деп жазды баланың анасы.

Бұл жазбаға қатысты жазба астында Павлодар облысының полиция департаменті пікір білдірді.

"Аталған факт Павлодар қаласы Оңтүстік полиция бөлімінде тіркелді. Кәмелетке толмаған бала түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Ауру тарихын алғаннан кейін сот-медициналық сараптама тағайындалады. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады. Тексеріс аясында жауапты тұлғалардың іс-әрекетіне құқықтық баға беріледі", - делінген хабарда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2211083-pavlodarda-tort-zhasar-bala-oiyn-alangynda-biikten-qulap-ketken/