Алматы облысында иттер талаған 10 жасар бала ауруханаға түсті
Опубликовано:
Читать на русском
Алматы облысы Жалпақсай ауылындағы футбол алаңында ойнап жүрген 10 жасар бала иттерге таланып, ауруханаға түскен. Бұл факті бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқыс оқиға туралы ақпарат Instagram әлеуметтік желісіндегі kris.p.karasai паблигінде жарияланды. Ондағы мәліметке сүйенсек, оқиға 30 маусымда сағат 16:30 шамасында футбол алаңында болған.
"Иттер футбол алаңына кіріп кеткен. Басқа балалар қашып үлгерген, алайда бір бала қашып үлгермеген, оған үш ит тап берген", - делінген хабарламада.
Хабарламада баланың құлағынан, жамбасынан, басынан жарақат алғаны айтылған.
Сондай-ақ желіде жануарлардың оңалту орталығынан аумағынан жүгіріп шыққаны туралы ақпарат тарады.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл оқиғаға қатысты кәмелетке толмаған баланың денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Қазіргі таңда оқиға куәгерлерінен жауап алынып, барлық мән-жайды жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған бірқатар тергеу әрекеті жүргізілуде.
Тиісті сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
Бұл ретте реабилитация орталығының лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беріледі. Барлық кінәлі тұлға қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілікке тартылады", - делінген құзырлы органның Telegram-дағы арнасында жарияланған хабарламада.
Сондай-ақ полицейлер тұрғындарға жан-жануарлар болуы мүмкін қоршалған аумақтардың жанында сақ болуды ескертеді. Ата-аналар мен заңды өкілдерден балалардың бос уақытын қадағалап, оларға жеке қауіпсіздік шараларын түсіндіруді өтінеді.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, таңдағы мәлімет бойынша жалпы баланың жағдайы орташа ауыр.
Ол 30 маусымда сағат 17:02-де Қарасай аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілген. Бастапқыда жансақтау бөліміне жатқызылып, бірнеше сағаттан кейін травматология бөліміне ауыстырылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2261233-almaty-oblysynda-itter-talagan-10-zhasar-bala-auruhanaga-tusti/