Қостанай облысында суға батып кеткен атасы мен немересінің денесі табылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қостанай облысында Тобыл өзеніндегі іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Суға батып кеткен атасы мен немересінің денелері табылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 маусымда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару тобы оқиға орнынан 1,5 км төмен қарай 2020 жылы туған баланың денесін тауып, алып шықты.
Сондай-ақ құтқару тобы мен еріктілердің қатысуымен 1967 жылы туған ер адамның денесі өзен ағысымен шамамен 5 км жерден табылып, шығарылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ еріктілер топтары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 14 маусымда Қостанай ауданына қарасты Алтын дала ауылының маңындағы Тобыл өзені жағалауында болған. Бір отбасы демалуға табиғатқа шыққан. Өзен жағасында ойнап жүрген алты жасар бала сүрініп суға құлаған. Одан әрі қатты ағысқа тап болған. Мұны көрген атасы немересін құтқару үшін іле-шала суға секірген. Алайда екеуін де өзен ағысы алып кеткен.
Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жедел жәрдем бригадалары жұмылдырылды. Іздестіру-құтқаруға 40-қа жуық маман, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон тартылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2389039-qostanai-oblysynda-suga-batyp-ketken-atasy-men-nemeresining-denesi-tabyldy/