jitsu gif
    Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Вагон төбесінде суретке түспек болған: Қостанайда 27 мың вольт ток соққан жасөспірім аман қалды

    Пойыз вагоны мен жасөспірім
    Пойыз вагоны мен жасөспірім. Нейрожелі арқылы жасалған көрнекі сурет: NUR.KZ / Жұлдыз Кенжеғалиева

    Қостанайда дәрігерлер теміржол вагонының төбесіне шығып суретке түспек болған 15 жастағы жасөспірімді аман алып қалды. Оны кернеуі 27 мың вольттан асатын электр тогы соққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy "Наш Костанай" басылымына сілтеме жасап.

    Оқиға 25 маусымда болған. Жасөспірім облыстық балалар ауруханасының травматология бөліміне денесінің 60 пайыздан астамын күйік шалған күйде ауыр жағдайда жеткізілген.

    Травматолог-ортопед Мирас Елжасовтың айтуынша, бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, онда шамамен бір жарым ай жатқан.

    "Бақытымызға орай, оның қолы мен аяғын сақтап қала алдық", – деді дәрігер.

    Мирас Елжасов мұндай жарақат кезінде аман қалу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Оның сөзінше, әлемдік және республикалық статистика бойынша осындай жарақат алған балалардың шамамен 90 пайызы алғашқы аптада көз жұмады.

    Қазір жасөспірім жансақтау бөлімінен кәдімгі палатаға ауыстырылған. Оны ауруханадан шығаруға әлі ерте, ем тағы екі-үш аптаға созылуы мүмкін.

    Жасөспірім сол күні достарымен серуендеп жүргенін айтты. Олар үйге баратын жолды қысқарту үшін теміржол бойымен жүрген. Пойызды көрген балалар суретке түспек болған.

    "Вагонның төбесіне отырдым, досым мені суретке түсірді. Кейін орнымнан тұрған кезде электр доғасы соқты. Соққыдан шамамен екі метр жерге ұшып түстім", – деді жасөспірім.

    Ол оқиғаға дейін түсірілген суретті әлеуметтік желіге жариялап үлгерген.

    Ток соққаннан кейін бала есінен танып қалған. Есін жиған кезде үйіне өзі бармақ болғанымен, оқиға орнына келген медицина қызметкерлері алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізген.

    "Қабылдау бөлімінде бәрінің маған көзі шарасынан шыға қарап тұрғаны есімде. Содан кейін есімнен танып қалдым", – деп еске алды ол.

    Жасөспірімді емдеу шамамен бір жарым айға созылды. Оны аман алып қалуға дәрігерлермен қатар сирек әрі қымбат дәрі-дәрмектер сатып алуға көмектескен демеушілер және донорлар ат салысты. Балаға сирек кездесетін төртінші теріс қан тобы қажет болған.

    Оқиғадан кейін жасөспірім болашақ мамандығына қатысты жоспарын да өзгертті. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған ол оқиғадан екі күн бұрын электрик мамандығына құжат тапсырған. Енді жасөспірім болашағын медицинамен байланыстырғысы келеді.

    Вагон төбесінде суретке түспек болған: Қостанайда 27 мың вольт ток соққан жасөспірім аман қалды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram
    Сақтаулылар
    Мұнда әзірше бос
    Жарияланым парақшасында «
    » батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.