"Көршілес ғимараттың шатырына өтпек болған": Стамбұлда қазақ қызы жұмбақ жағдайда көз жұмды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Стамбұлда Қазақстан азаматы көз жұмды. Жергілікті БАҚ мәліметінше, 26 жастағы қазақстандық алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған. СІМ қайғылы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркиялық Haberler басылымының мәліметінше, Стамбұлдың Шишли ауданында Қазақстанның 26 жастағы азаматы қаза тапқан. Ол өзі тұрып жатқан ғимараттың 6-қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған көрінеді.
"Өзі тұрып жатқан ғимараттың 6-қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған Қазақстанның 26 жастағы азаматы А. Б. ғимараттар арасындағы орнатылған шатырдан шамамен -2-қабат деңгейіне құлаған.
Оқиға орнында көз жұмған әйел Түркияға қыркүйекте туристік визамен келгені анықталды", делінген жарияланымда.
Оқиға туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен медициналық бригада келді. Дәрігерлер бойжеткеннің қайтыс болғанын растады. Оның денесі Сот-медицина институтының мәйітханасына жеткізілді.
"Қолда бар мәліметтер бойынша, ол елге ресейлік әйелмен бірге келіп, онымен бірге тұрған. Оқиғаның мән-жайын полиция тексеріп жатыр", - деп жазады басылым.
NUR.KZ тілшісі Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Ведомстводағылар Стамбұлда Қазақстан азаматының қаза тапқанынан хабардар екенін жеткізді.
"Қазақстандық дипломаттар қаза тапқан адамның туыстарымен байланыста, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр, мән-жайы анықталуда. Мәселе Қазақстанның СІМ бақылауында", - деп жауап берді сыртқы саяси ведомство өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2447810-korshiles-gimarattyng-shatyryna-otpek-bolgan-stambulda-qazaq-qyzy-koz-zhumdy/