Алматыда сегізінші қабаттан құлаған 13 жастағы баланы дәрігерлер аман алып қалды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматыда 13 жастағы жасөспірім сегізінші қабаттың терезесінен асфальтқа құлап, ауыр жарақат алды. Дәрігерлер баланы аман алып қалды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала шамамен 24 метр биіктіктен құлаған. Жасөспірімді жедел жәрдем бригадасы №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасына жеткізді. Ауруханаға түскен кезде оның жағдайы өте ауыр деп бағаланды.
Балаға қабаттасқан жарақат, бас сүйек-мидың жабық жарақаты және мидың шайқалуы, аяқ-қолдарының сынуы, кеуде қуысы мен құрсақ қуысы органдарының зақымдануы диагнозы қойылды.
Сондай-ақ онда травматикалық шок диагнозы қойылды. Науқасты дереу анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жатқызды. Дәрігерлер зақымдану көлемі мен әрі қарайғы емдеу тактикасын анықтау үшін бастан аяқ компьютерлік томографияны қоса алғанда, кешенді тексеру жүргізді.
№1 балалар қалалық клиникалық ауруханасының реанимация бөлімшесінің меңгерушісі Медетәлі Мақұлбековтің айтуынша, дәрігерлер ағзаның өмірлік маңызды функцияларын қолдау үшін бірден шокқа қарсы іс-шаралар мен қарқынды терапияны бастаған.
Алғашқы екі тәулікте реаниматологтар науқастың жағдайын тұрақтандыруға тырысты, ал кейін оған ота жасалды. Үшінші тәулікте жасөспірімді реанимациядан травматология бөлімшесіне ауыстырды.
Травматологтар мен реаниматологтардан тұратын медициналық топ барлығы төрт ота жасады. Емдеуге хирургтер Әділжан Нұров, анестезиолог Медетәлі Мақұлбеков, ассистенттер Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.
"Сегізінші қабаттан құлау – аса ауыр жарақат, ал баланың аман қалуының өзін нағыз ғажайып деп атауға болады. Біздің команда қажетті медициналық көмек көрсетуге дереу кірісті.
Алған жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, төрт ота жасау туралы шешім қабылданды. Барлық қажетті ота сәтті орындалды. Қазір науқастың жағдайы бізге қолайлы болжам жасауға мүмкіндік береді.
Балаға әрі қарай емделу, қалпына келу және реабилитация қажет. Біз оның жағдайын бақылауды жалғастырамыз және тезірек сауығып кетуі үшін барлық қажетті шараны қолданып жатырмыз", - деді №1 БҚКА директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар.
Дәрігерлер баланы үйіне шығарды, енді ол емханада ем қабылдайды, ал желтоқсанда ол оңалту бойынша ем қабылдауға тиіс.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/accident/2453097-almatyda-segizinshi-qabattan-qulagan-13-zhastagy-balany-darigerler-aman-alyp-qaldy/