Оқыс оқиға

Зектілері

Талдықорған білім бөлімінің қызметкерлері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді

Жарияланған күні:

целлофандағы ақша
Целлофандағы ақша. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлері мемлекеттен миллиардтаған қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ресми Telegram-арнасында хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен Талдықорған қаласының білім бөлімінің қызметкерлерін ұстаған.

"Аталған азаматтар білім беру саласында іс жүзінде жұмыс істемейтін үлестес тұлғалардың пайдасына жалақы түріндегі өтеусіз аудару жолымен аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жүйелі негізде ұрлады деп күдіктенеді. Алдын ала келтірілген залал сомасы шамамен 2 млрд теңгені құрады", – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда істің мән-жайларына тиесілі 29 жылжымайтын мүлік объектісіне және қымбат автокөліктерге тыйым салынғаны айтылған.

Бүгінде күдікті деген адамдар ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайтыны хабарланған.

Сонымен қатар Антикор Конституцияның 77 бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, адам заңды күшіне енген сот үкімімен қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп танылмайынша, ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептелетінін еске салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2017403-taldyqorgan-bilim-boliminin-qyzmetkerleri-asa-iri-molserde-byudzet-qarazatyn-zymqyrdy-degen-kudikke-ilindi/