Талғардағы Шерзат Болаттың өлімі: тағы бір күдікті ұсталды
Жарияланған күні:

17 қазанда Талғарда аяусыз өлтірілген Шерзат Болаттың өлімі бойынша тағы бір күдікті ұсталды. Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлайды.
Департаменттің Instagram-дағы ресми парақшасында пайда болған ақпаратқа сәйкес, кәмелетке толмаған Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу барысында тағы бір күдікті – К. есімді азамат ұсталды.
"Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралар кешені жүргізу жалғасуда. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің бақылауында", - делінген хабарламада.
Талғардағы Шерзат Болат қазасы
Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.
Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.
Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.
Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.
Айта кетейік, Талғардағы атышулы оқиға Шерзат Болаттың өлімінен кейін Талғар ауданында тағы бірнеше шенеунік жазаланғанын жазған едік.
Бұған дейін Талғар қаласының әкімі Бахыт Күрішбеков пен әкімнің орынбасары Матан Сағындық қызметінен босатылғаны хабарланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2175975-talgardagy-sherzat-bolattyng-olimi-tagy-bir-kudikti-ustaldy/