Атырауда жасөспірімді қуғын кезінде қағып өлтірген полицейге үкім шықты
Жарияланған күні:

Атырау облысында патруль кезінде жасөспірімді қағып өлтірген полицейге қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық соттарға сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылқоға аудандық сотында жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адам өліміне әкелді деп (ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі) айыпталған полицейге қатысты іс қаралды.
"Қызылқоға аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция тобының инспекторы, қызметтік көлікпен патрульдеу кезінде, серіктесімен бірге кәмелетке толмаған мотоцикл жүргізушісін анықтап, дыбыстық белгі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда кәмелетке толмаған жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, қозғалысын жалғастырды.
Қуғын барысында жол қозғалысы ережесін бұзған кәмелетке толмаған жүргізуші жол жиегіне шығып кетіп, мотоциклді басқара алмай, жерге құлап түсті. Сол сәтте инспектор қауіпсіздік шараларын сақтамай, жол ережесін өрескел бұзып, жасөспірімді қағып кетті. Нәтижесінде жасөспірім оқиға орнында есін жимай қайтыс болды", - делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында прокурор айыпталушыға 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Айыпталушы өз кінәсін мойындады.
Нәтижесінде полицей кінәлі деп танылып, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы және 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды. Азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2177502-atyrauda-zhasospirimdi-qugyn-kezinde-qagyp-oltirgen-politseige-ukim-shyqty/