Жаңаөзенде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 бала тұрғын үй кезегіне қойылмаған
Жарияланған күні:

Маңғыстау облысын Жаңаөзен қаласында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қырыққа жуық бала тұрғын үй кезегіне қойылмағаны анықталды – заңдылықтың бұзылуына жол берген бас маман тәртіптік жауапқа тартылды. Бұл туралы облыстық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Бас прокуратураның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, Жаңаөзен қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 38 жетім бала тұрғын үй кезегіне қойылмағаны анықталған.
Ведомство өкілдерінің түсіндіруінше, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңның 71-бабына сәйкес жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті.
"Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде барлық бала тұрғын үй кезегіне енгізілді.
Заңдылықтың бұзылуына жол берген ТКШ бөлімінің бас маманы тәртіптік жауаптылыққа тартылды", - делінген Маңғыстау облыстық прокуратурасы хабарламасында.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2177955-zhangaozende-ata-anasynyng-qamqorlygynsyz-qalgan-38-bala-turgyn-ui-kezegine-qoiylmagan/