Оқыс оқиға

Зектілері

Жанқош Тұраровқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылғаны белгілі болды

Жарияланған күні:

Жанқош Тұраров
Жанқош Тұраров. Фото: sportx.kz

Кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровқа қатысты "Зорлау" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Бұл туралы Алматы полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомство өкілдері Әуезов аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі (Зорлау) бойынша қылмыстық іс тергелгенін еске салып өтті.

"Іс жүргізу аясында сот-медициналық және сот-биологиялық сараптама жүргізіліп, қорытындысы бойынша зорлау дерегі расталмады.

2024 жылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды", - делінген Алматы полиция департаменті баспасөз қызметінің KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген жауабында.

Полиция өкілдері Әуезов аудандық прокуратурасы бұл шешіммен келіскенін мәлімдеді.

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процессуальдық кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеудің басқа деректері жария етуге ​​жатпайды", - делінген полиция хабарламасында.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде танымал кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров "қыз зорлады" деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған еді. Бұл ақпаратқа Алматы полиция департаменті өкілдері пікір білдіруп, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр", - делінген ПД ақпаратында.

Кейін арыз түсірген қыз БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтқан болатын. Қыз сұқбатта боксшы жазасын алғанын қалайтынын жеткізген.

Осыдан кейін Жанқош Тұраров өзіне жала жабылғанын және мәселенің мән-жайын анықтайтынын айтқан болатын.

Сондай-ақ Жанқош Тұраровтың әйелі Клара Иса да күйеуіне тағылған айып туралы пікір білдірді.

Артынша Жанқош Тұраровтың адвокаты мәлімдеме жасап, боксшы қылмыстық істе күдікті емес, куәгер ретінде тергеліп жатқанын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2180325-kasipqoi-boksshy-zhanqosh-turarovqa-qatysty-qozgalgan-qylmystyq-is-toqtatylgany-belgili-boldy/