Ақтөбе облысында жолға жүгіріп шыққан мектеп оқушысын полиция қызметкерінің көлігі қақты
Жарияланған күні:

11 қарашада Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында сабақтан шығып, әкесіне қарай жүрген сегіз жастағы баланы көлік қақты. Жасөспірім аман. Көлік полиция қызметкеріне тиесілі. Бұл туралы облыстық полция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ақтөбе облысының полиция департаменті өкілдері бала жолға жүгіріп шыққанын айтады. Полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
"Шұбарқұдық ауылында полиция қызметкері жеке автокөлігімен келе жатып, жолға жүгіріп шыққан кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қаққан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші зардап шеккен жоқ. Полиция қызметкері кәмелетке толмаған баланы медициналық мекемеге жеткізді. Сақтандыру полисінің жоқтығы және жол қауіпсіздігі ережесін бұзғаны үшін полиция қызметкеріне хаттама жасақталды. Сонымен қатар қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр", - деп хабарлайды Ақтөбе облысының ПД ресми өкілі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері де баланың өміріне қауіп төнбегенін растады. Көлік қаққан кезінде жасөспірімнің оң жақ алақаны көгеріп, жеңіл жараланған.
Ал облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқушы бір күн сабақтан қалған.
"Бала сабақтан шығып, жолдың келесі бетінде күтіп тұрған әкесіне қарай жүргенде көлік қаққан. Бала ешқандай жарақат алмаған. Бір күн дәрілердің бақылауында болып, келесі күні сабаққа қосылды", - деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасындағылар.
Полиция департаменті өкілдері ата-аналарды балаларға жол ережелерін сақтауды ескертуге шақырады.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2193929-aqtobe-oblysynda-zholga-zhugirip-shyqqan-mektep-oqushysyn-politsiia-qyzmetkerining-koligi-qaqty/