Жалақыны дұрыс есептемеген ақмолалық есепші 10 миллион теңгесі мен көлігінен айырылды
Опубликовано:

Ақмола облысында аудандық аурухананың есепшісі кейбір қызметкерлердің жалақысы мен басқа да төлемдерін асыра көрсеткені үшін айыпталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ облыстық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық соттың алқасы есепшіге қатысты қылмыстық іс бойынша бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды.
Сот үкімімен есепшінің мүлкі (ұрлық жасау кезеңінде сатып алынған автокөлік) тәркіленіп, 3 жыл 8 айға бас бостандығынан және материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Бас бостандығынан айыру бөлігіндегі жазаның орындалуы есепшінің баласы 14 жасқа толғанға дейін 4 жылға кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар сотталушыдан мемлекеттің кірісіне 9 981 053 теңге өндіріліп алынды.
Аудандық аурухананың есепшісі "1С Бухгалтерия" бағдарламасындағы деректерді өзгертіп, аурухананың қызметкерлеріне жалақы мен басқа төлемдерін асыра жазып, төлем тапсырмаларында нақты адамдарды көрсеткен, ал ақшалай есепте басқаларды жазған. Бас бухгалтер мен бас дәрігер есептеулерді тексермей, құжаттарға ЭЦҚ-кілттерімен қол қойып отырған.
Осылайша, есепші қызмет бабын пайдаланып, өзінің және басқа адамдардың шоттарына сомаларды заңсыз есептеп, кейіннен оларды аударым арқылы немесе қолма-қол ақшамен өзіне қайтаруды талап етіп отырған (Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы).
2020-2022 жылдары аралығында есепшінің қылмыстық әрекеттерімен Денсаулық сақтау басқармасына 10 млн теңгеге жуық материалдық залал келтірілді.
Есепшінің кінәсі аудиторлық есеппен, куәгерлер мен аурухананың қызметкерлерінің айғақтарымен, олардың шоттарына тскен артық төлемдермен дәлелденді.
Жаза тағайындауда сот есепшіге жас баланың болуын жеңілдететін мән-жай ретінде, ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескерді.
Алқаның қаулысымен есепшіге қатысты үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Сонымен қатар, сот қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою және жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау үшін облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы атына жекеше қаулы шығарды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2199113-zhalaqyny-durys-eseptemegen-aqmolalyq-esepshi-10-million-tenggesi-men-koliginen-aiyryldy/