16 жастағы қызылордалықты жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген: сот тағы бір үкім шығарды
Опубликовано:

Қызылорда облысында 16 жасар мектеп оқушысын жезөкшелікке тартуға қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту (ҚР ҚК 134-бабы 3-бөлігі 2) тармағы), сондай-ақ сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену (ҚК 190-бабы 3-бөлігі 4) тармағы) фактілері бойынша қылмыстық іс қаралды.
"Сотталушы, жәбірленушінің С.-ның кәмелетке толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.
Сонымен қатар бірнеше рет жәбірленушілер К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатып, облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған", - делінген сот хабарында.
Прокурор сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер де прокурордың пікірімен келіскен.
Қорғаушы тарап сотталушыны 134 ҚК 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша ақтауды, ал алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді.
Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуын, соттылығының болмауын жатқызды, қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚК-нің 55-бабының 2-бөлігінің 2-тармағына сай, жазаны жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жаза мерзімі ҚК-тің тиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің 2/3 асыруға болмайды делінген.
Сот үкімімен сотталушы ҚК-нің 134-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазіргі уақытта облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған ҚК-тің 309-бабының 2-тармағы (жеңгетайлық) бойынша 2 іс, ҚК-тің 299- бабының 3-тармағы (есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар.
Айта кетейік, "НеМолчи" қорының Instagram желісіндегі парақшасында қызылордалық 16 жастағы қызға қатысты ақпарат пайда болған еді.
ІІМ аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, кәмелетке толмаған күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген еді. Тергеу сотымен күдіктілерге қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылған.
Кейін Қызылорда облыстық соты 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі деген күдікпен кәмелеттік жасқа толмаған балаларды екі айға қамауға алғаны белгілі болды.
Осыдан соң білім беру саласындағы лауазымды тұлғалар жұмыстан қуылып, жазаға тартылды.
Одан бөлек ІІМ аталған іс бойынша 13 адам күдікті екенін хабарлады. Бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал қарашада Қызылордада осы іске қатысты 21 жастағы ер адамға сот үкімі шықты. Ол мәліметтерді таратамын деп жасөспірімнен аса ірі сомада ақша бопсалады деп айыпталған. Сот ер адамды кінәлі деп танып, ол 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2200245-16-zhastagy-qyzylordalyqty-zhezokshelikpen-ainalysuga-mazhburlegen-sot-tagy-bir-ukim-shygardy/