Оқыс оқиға

Зектілері

Талғардағы трагедия: КШТТО желіде боттардың белсенділігі артқанын мәлімдеді

Жарияланған күні:

Алаяқ
Кибершабуыл. Көрнекі фото: pexels.com

Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы Қазақстандағы ботоферма белсенділігінің қалыптан тыс өсімін тіркеген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ КШТТО-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Орталықтың Telegram-дағы мәліметіне сүйенсек, осы аптаның басынан бастап Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы әлеуметтік желіде Талғардағы трагедияны талқылауға байланысты қалыптан тыс белсенділікті тіркеген.

"Осы маңызды оқиғаға деген қызығушылықты әлдекімдер өз күн тәртібін ілгерілету үшін пайдаланып жатыр. Алматыда және басқа қалаларда өткен митингілер туралы жалған ақпарат пайда болды", - делінген хабарламада.

Мұндай жазбалардың басым бөлігі TikTok және Instagram желісінде жарияланған. Олардың кейбірі бірнеше күнде жүз мыңдаған қаралып жинап жатыр. Ал видеодағы митингілер шындыққа жанаспайды, деді КШТТО мамандары.

"Парақшалар мен пікірлерді (50 мыңнан аса) талдау боттардың үйлесімді жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Осы ретте біз кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға және желідегі мәліметтің дереккөзін екі рет тексеруге шақырамыз", - деді мамандар.

Талғардағы Шерзат Болат қазасы

Еске салсақ, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқанын жазған едік. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізілген, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды.

Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Артынша Алматы облысының полиция департаменті өкілдері кісі өлтірді деген күдікпен ұсталғандардың видеосын жариялады.

Талғардағы кісі өлімімен аяқталған оқиғадан кейін марқұмның әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.

Қанды оқиға болған дүкеннің алдында марқұм Шерзат Болатты еске алу бұрышы ашылды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Талғарға барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты.

10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасап, халықтан митингке шықпауын өтінді. Сондай-ақ ол отбасының қауіпсіздігіне алаңдаулы екенін жеткізді. Айтуынша, заңгерлер мен журналистердің атын жамылып, белгісіз біреулер келіп қорқытқан. Шерзаттың әкесі жағдай өзіне және жақындарына кері әсер етіп кетпес үшін, жұртшылықтан митингке шығып, қантөгіс жасамауын өтінді.

12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады.

Артынша полиция департаменті өкілдері мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын хабарлады.

Сонымен қатар мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Талғардағы Шерзат Болат қазасына қатысты қозғалған істі тергеу барысы жөнінде пікір білдіріп, марқұм болған жасөспірімнің әкесіне қатысты ешқандай қылмыстық іс жоқ екенін атап өтті.

Шерзат Болат өліміне қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық), 115-бабы (қорқыту), 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша тергеліп жатыр.

Ал 9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. 10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.

Кейін Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан жасөспірім Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2200758-talgardagy-tragediia-kshtto-zhelide-bottardyng-belsendiligi-artqanyn-malimdedi/