ШҚО-да экология саласында қызмет атқарған шенеунік бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Читать на русском
10 қаңтарда Өскемен соты Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасарына қатысты істі қарады. Шенеунік ірі көлемде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды облыстық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Өскемен қаласының №2 соты ірі мөлшерде пара алды деген айып тағылған Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық істі қараған.
ШҚО экология департаменті тұрғындардың өтініштері бойынша Т.-ның басшылығымен алтын өндіру фабрикасында Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы нормаларының сақталуына тексеріс жүргізген.
"Тексеру барысында құрылысты аяқтау мерзімдері бойынша жобалық шешімдерден ауытқу бөлігінде бірқатар бұзушылық анықталды.
Бұл жағдай Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 4-бөлігіне сәйкес кәсіпорын қызметінің тоқтатылуына әкеп соқтырады.
Т. ЖШС-ін әкімшілік жауапкершілікке тартпау, алтын өндіру фабрикасы қызметін тексеру нәтижесі бойынша оң шешім шығару үшін 2023 жылдың мамыр айында ЖШС директоры С.-дан 30 мың АҚШ доллары сомасында пара алған (12.05.2023 жылғы долларға шаққандағы доллар бағамы бойынша – 13 326 600 теңге)", - делінген сот хабарламасында.
Кінә заттай дәлелдеме – 6 970 мың теңге сомасында ақшалай қаражатпен, сыйақыға мәселенің оң шешілуі туралы уағдаластығын растаған куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен расталған.
Қабылдаған антын бұзған адамның қылмыстық құқықбұзушылық жасауы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде, ал бес баласының болуы ал жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылған.
"Сот қылмыстың ауырлығына қарай сотталған Т.-ға осы баппен қарастырылған ең ауыр жаза – мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2210732-shqo-boiynsha-ekologiia-departamenti-bastygynyng-orynbasary-para-algany-ushin-bas-bostandygynan-aiyryldy/