"Қонаевта оқушы аяусыз соққыға жығылған": полиция іс қозғады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 9-сынып оқушысы алған соққыдан кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған деген ақпарат шықты. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, полиция іс қозғады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға туралы журналист Гүлмира Әбіқай Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
Журналистің жазбасына сәйкес, 9-сынып оқушылары өз сыныптасын қала көпірінің астында ұрып-соққан.
"Бала жансақтау бөліміне түсті, қазір ауруханада", - деп хабарлады журналист.
Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сенсек, алған соққыдан кейін жасөспірім өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
Қалалық білім бөлімі өкілдері бұл ақпаратты растады. Мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған соң ауруханаға түсіп, бірден жансақтау бөліміне жатқызылды.
"Қазіргі уақытта жасөспірім есін жиды, ауруханада ем қабылдап жатыр, жағдайы тұрақты.
Білім басқармасы мектепке қатысты комиссия құрды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне "Өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу" дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты тексеру үшін барлық қажетті тергеу әрекеті жүргізіліп жатыр.
Көрсетілген жұмыс аясында іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді", - делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабына сәйкес, адамды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал етуге үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрінде жаза қарастырылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2217723-qonaevta-oqushy-aiausyz-soqqyga-zhygylgan-synyptastaryna-qatysty-is-qozgaldy/