Астанадағы тұрғын үй лифтіндегі шабуыл: дәрігерлер зардап шеккен 5 жасар баланың жағдайын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Астанадағы тұрғын үйлердің бірінің лифтінде пышақ жарақатынан зардап шеккен балаға ота жасалды. Қазіргі таңда баланың жағдайы ауыр деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Астана денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Астана әкімдігінің қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, бетінен бірнеше пышақ жарақатын алған балаға ота жасалған. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
"Елорда тұрғын үй кешеніндегі шабуыл салдарынан бетінің жұмсақ тіндерінен бірнеше пышақ жарақатын алған бес жастағы бала №2 көпбейнді қалалық балалар ауруханасының жақсүйек-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған.
Баланы тексерістен өтіп, оған ота жасалды. Алған пышақ жарақатына байланысты баланың жалпы жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Баланың операциядан кейінгі жағдайы тұрақты", - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Жәбірленушіге барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, мамандар толық көлемде кеңес беріп жатыр.
Еске салсақ, бүгін желіде Астанадағы тұрғын үй кешенінің лифтінде белгісіз біреу кішкентай балаға пышақ жарақатын салған. Бұл ақпаратқа ПД баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Оқиғаны тексеру барысында психоневрологиялық диспансер есебінде тұрған кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Оның заңды өкілдері полицияға шақырылды, олар ата-аналық міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады. Зардап шеккен бала ауруханаға жеткізілді, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шабуыл жасаған жасөспірім қажетті тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін белгіленген тәртіпке сай бірден оқшауланады", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2219946-astanadagy-turgyn-ui-liftindegi-shabuyl-darigerler-zardap-shekken-5-zhasar-balanyng-zhagdaiyn-aitty/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде