"Тәрбиеші баланы тұншықтырған": Алматыда балабақшадағы оқиғадан кейін полиция қылмыстық іс қозғады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Желіде баланың балабақша тәрбиешісі баланың аузын қолымен жауып, тұншықтыруға әрекет еткені түсірілген видео таралды. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видеоны Telegram-дағы Qogam by Satzhangram арнасы жариялады. Видеоға қос берілген жазбада арна редакциясына 4 жасар баланың анасы хабарласқаны айтылған. Жазбаға сенсек, бала ата-анасына балабалабақшада өзін ұрып-соққанын айтып шағымданған. Оқиға Алматыдағы жеке балабақшалардың бірінде болған.
"Бейнебақылау камерасының жазбасын сұратып алып, қарасақ видеода тәрбиеші баланы тұншықтырып жатыр. Ал сол уақытта бөлмеде балабақшаның тағы екі қызметкері болған", - делінген жазбада.
Баланың ата-анасы Алматы қаласы Бостандық ауданының полициясына жүгінген.
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі өкілінің NUR.KZ тілшісіне хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция бөлімі қызметкерлері кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
"Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады", - деп атап өтті департаменттегілер.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2220822-tarbieshi-balany-tunshyqtyrgan-almatyda-balabaqshadagy-oqigadan-keiin-politsiia-qylmystyq-is-qozgady/