Анасының өлімінен кейін дәрігерді "жарақаттаған" апалы-сіңліліге қатысты сот шешім шығарды
Жарияланған күні:

Қостанайда сот анасының өлімінен кейін жедел жәрдем көлігінің дәрігерін соққыға жықты деп айыпталған апалы-сіңлілі әйелдерге қатысты істі қарады. Сот шешімімен әйелдерге 2,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, олар бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қостанай соттарының Telegram-дағы арнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қостанай қаласының №2 соты қызметтік міндеттерді жүзеге асыратын адамға қатысты жасаған денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтірді деп айыпталған апалы-сіңлілерге қатысты қылмыстық істі қараған (ҚК 108-1-бабы 2-бөлігі 2, 4-тармақтары).
Сотта 2024 жылдың желтоқсанында апалы-сіңлілер анасының жүрек ауруы мен ентігіп отырғанына шағымданып, медициналық көмек көрсету үшін "103" қызметіне жүгінгені және шақыруға келген медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсеткені, алайда әйелдің қайтыс болғанын хабарлағаны анықталған.
"Сотталушылар көрсетілген медициналық көмектің сапасына наразылығын білдіріп, анасының қайтыс болғаны туралы хабардан соң медицина қызметкерін балағат сөзбен қорлайды, содан кейін оған дене жарақаттарын салады. Нәтижесінде сотталушылар жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірді", - делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылды. Сондай-ақ тұрақты жұмыс орны болмаған жағдайда оларды жыл сайын 100 сағаттан қоғамдық орындарда мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеу арқылы әрқайсысының бас бостандығын бір жыл шектеу түрінде жаза тағайындалды.
Жәбірленушінің материалдық және моральдық зиян сомасын өндіріп алу туралы арыз-талаптары ішінара қанағаттандырылды және сотталушылардан жәбірленушінің пайдасына 2 300 000 теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2232584-anasynyng-oliminen-keiin-apaly-singlili-darigerdi-zharaqattagan-sot-sheshim-shygardy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Мұнда әзірге ешкім пікір қалдырмады Тағы да оқыңыздар
Талқылауға қатысу немесе пікірлерге реакция қалдыру үшін профиліңізге кіріңіз.