"Жіберіңіз" деп айқайладым": Алматы әуежайында кепілде болған қызметкер сотта оқиғаның қалай болғанын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты соттың алдын ала тыңдауы өтті. Сот отырысы Түрксіб аудандық сотында болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Іс қысқартылған тәртіпте қаралып жатыр. Сотталушы Машрапбек Баратов сот тыңдауында өзін таныстырды, айтуынша, ол зейнеткер, бұрын сотты болған.
Авиациялық көлік прокуроры Алмас Бертаев істің жеделдетілген тәртіпте қаралып жатқанына байланысты алдымен жәбірленушілерден, содан кейін сотталушыдан жауап алып, соңында сот талқылауына көшуді сұрады.
"Қарызы мен жұмыссыздығына байланысты өмірлік қиын жағдайға тап болған Баратов автобуспен әуежайға барды. Сағат 10-дар шамасында ол әуежайға кіріп, тіркеу жаққа өтті. Ол басқа қалаға ұша кетемін деп ойлап, басқа жолаушыларға еріп тексеру аймағына барды. Жәбірленуші отырғызу талоны мен жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуды сұрады.
Оның қызметкерді ұстап, жағдайды басқару ниеті пайда болған. Баратов жолаушылар ағынына қарамастан, жәбірленушінің шашынан ұстап, пышағын суырып алып, онымен бірге ұшу аймағына кіру үшін тексеру жүргізетін жерге қарай жылжи бастаған.
Адамдардың жиналып қалғанын, полиция қызметкерлерін байқаған ол өзіне кедергі келтіреді деп ойлап, жәбірленушінің мойнына пышақ тақап, қорқытып, полиция қызметкерлерінен тапаншасын тастап, оған келуді талап еткен", - деді Бертаев.
Прокурор, сондай-ақ сотталушының Алматы әуежайын жарамын деп қорқытқанын айтты. Оның сөзінше, Баратов сөмкесінде бомба бар екенін, әуежайды жарып жіберетінін айтып, оларға жақындамауды бұйырған. Осылайша ол әуежай қызметкерін кепілге алып қана қоймай, бомба бар деп жалған хабарламамен қорқытқан, дейді прокурор.
Жәбірленуші Мұхтарова Алматы әуежайында екі жыл жұмыс істегенін айтты.
"Мен рейс алдында адамдарды тексеруден өткіземін. Өз үстелімде отырғанмын, одан отырғызу талоны мен жеке куәлігін сұрадым. Ол маған қарады да 3 минуттан кейін әуежайды жарып жіберетінін айтып, телефонын көрсетті. Мен орнымнан тұрдым да, артқа жылжығым келді - ол шашымнан ұстап алды, мен құлап қалдым, тұрайын деп жатқанда қалтасынан пышақ шығарғанын көрдім.
Мені "жіберіңіз" деп айқайладым. Ер адам өте агрессивті болып көрінді, пышақ сермеді. Аузыңды жап деп талап етті, мен ештеңенің иісін сезбедім (алкоголь - редактордың ескертпесі). Ол менің шашымнан ұстап, пышақ сұғып алмақ болды", - дейді жәбірленуші Мұхтарова.
Әуежай қызметкері қатты қорыққанын айтты. Ол бетін қолымен жауып алғанын, оның алдында екі адам – полиция қызметкері мен оны құтқарған ер адам тұрғанын есіне алды. Оның айтуынша, ер адам "стерильді" аймаққа барғысы келді және бәрі өте тез болған. Кепілден босатқанда әуежай қызметкері жүре алмай қалғанын, бір әріптесі көмектескенін айтты.
"Оған "мені кепілге ал да, қызды жібер" деп ұсыныс жасады. Әйтеуір мені жіберді. Менің орныма Мұса Әбдірайымовты кепілге алды - мен оны видеодан ғана көрдім. Айыпталушы менің орныма Мұсаны ұстап тұрды", - дейді әуежай қызметкері.
Ал Баратовтың айтуынша, әуежай қызметкері оның жағасынан ұстап, "арандатқан".
"7-сі күні үйден ерте шығып кеттім. Мен күзетші болып жұмыс істейтін түнгі клубта үш ай бойы жалақымды бермей жүр. 8 наурызға азық-түлік алайын деп едім. Сейфуллин көшесіне бардым, ол жерде жұмыс іздеген ер адамдар тұрады. Қарасам, ешкім жоқ. Келіп тоқтаған бірінші автобусқа отырдым, үйіме жетіп алайын деп ойладым. Телефон шұқып, хабарландыру бойынша жұмыс іздедім, алдағы екі күн бос болатынмын.
Әуежайға қалай тап болғанымды білмеймін – сыртқа шығып, біраз жүрдім. Менде отбасылық мәселе бар... Әйеліме, ұлыма немесе қызыма ашылып айта алмадым. Әуежайда әрі-бері жүрген кезімде Астана ма әлде басқа бір жерге ме, рейс жариялағанын естідім. Басыма бір ой келді, қалтамда бар болғаны 7 мың теңге болды. Мен тіркелуге бет алдым, мені ешкім тоқтатпады. Әуежай қызметкері отырған үстелге жеттім, құжаттарымды сұрады, 2-3 минутқа кіріп-шығамын деп едім, ол мені жағамнан ұстады.
Мен оның шашынан ұстап алдым, бәрі еркімнен тыс болды - айқай-шу басталды. Мен полиция қызметкерлерін көрдім, олар мені атады деп ойладым, қалтамда асхана пышағы болған: мен пышақты жұмыста банка ашу, шұжық кесу үшін керек деп ұстап жүргем - ол соншалықты өткір емес. Мойнына да, басына да жақындатпадым – "Айқайлама, мен сені қазір жіберемін" дедім. Және ол одан да қатты айқайлады.
Полиция қызметкеріне "қаруыңды таста да, осында кел, мен қызды жіберемін" дедім. Ол келмеді. Мен әуежайды жарып жіберемін дедім. "Қыздың орнына басқа адам бар ма?" деп сұрадым. Бір ер адам "мен бармын" деді. Мен қызды жіберіп, оны кепілге алдым.
Бір қызметкер менің назарымды басқа жаққа аударып жіберді. Мен басшылықты шақыруды сұрадым. Ешқандай талап қоймадым. Мына жігіт менің қолымнан пышақты тартып алды - мені ұстап алып, жерге жатқызды. Әуежай директоры аудармашымен келіп, қандай талабым бар екенін сұрады. Мен жай ғана Астанаға барғым келді – (ойландым – ред. ескертпесі) мүмкін сонда жұмыс табылар деп ойладым", - дейді Баратов.
Ол полиция кепілдегі адамды фильмдегідей құтқаратынына сенімді болғанын айтады. Сотталушы әуежай қызметкерін жылағандықтан аяғанын атап өтті. Күдіктінің сөзінше, оның бас сүйегі екі рет сынған, миы шайқалған және бұл жағдайға қарыз бен жұмыстағы мәселелер себеп болған. Оның айтуынша, Ауғанстандағы соғыста миы шайқалған.
Айыпталушы әуежайға баруды мүлде ойламағанын, бірақ түсетін аялдамасынан өтіп кеткендіктен сонда барғанын айтады. Баратовтың айтуынша, оның тұрақты жұмысы жоқ, зейнетақысы да аз. Балалары мектепте оқиды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2233770-zhiberingiz-dep-aiqailadym-almaty-auezhaiynda-kepilde-bolgan-qyzmetker-sotta-oqiganyng-qalai-bolganyn-aitty/