Оқыс оқиға

Зектілері

Маңғыстауда бір үйдің 17 жастағы жалғыз ұлы жұмбақ жағдайда көз жұмды: күдікті ұсталды

Жарияланған күні:

Марқұм Сағындық ата-анасымен
Марқұм Сағындық ата-анасымен. Фото: Lada.kz/марқұмның туыстары ұсынған фото

Бейнеу ауданында достарымен қыдыруға шыққан жас жігіт көз жұмды. Оның туыстары бұл жастарды қорқытып-үркітумен айналысатын "старшактардың" ісі деп отыр. Өңірлік полиция күдікті ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Lada.kz-ке сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Болған оқиға туралы Маңғыстау облысы кеңесші заңгерлер палатасының мүшесі Ажар Әбділ өзінің Facebook-тегі парақшасында жазған.

"Жерлеу алдында жігіттің ата-анасы бұл жерде бір гәп бар екенін түсініп, оның денесін Ақтауға сот-мед сараптама жасауға жіберді. Олар алдын ала тексеріс барысында ұлы кісі қолынан қаза тапқанын айтты. Енді сұрақ: бұл іс тіркелген бе?", - деп жазды ол.

Заңгердің жазуынша, оқиға туралы көз жұмған баланың туыстары мәлім еткен. Олар жігіт достарымен қыдыруға шыққанын, оның денесін достары әкелгенін жеткізген. Құлап қалды деп айтқан. Бірақ қайтыс болған жігіттің ағасы істе бір гәп бар екенін сезген. Себебі ол оның денесінде көгерген іздер болғанын байқаған. Сол себепті Ақтауға экспертизаға жіберіпті. Артынша марқұмның туыстары достарын жинап алып, олардан не болғанын сұраған. Оның достары ауылда жастарды уысында ұстайтын "старшактар" бар екенін, олар жігіттерді бір қатарға тұрғызып қойып, әрқайсысын кезекпен ұра бастағанын жеткізген. Бір соққыдан соң марқұм құлап түскенін айтқан. Достары оны медбике әкелген, ол оның көз жұмғанын айтқан.

Марқұм Сағындық отбасындағы жалғыз бала болған. 11 сыныпта оқып, химия-биология бағыты бойынша оқуға тапсыруға дайындалып жүрген.

Толық ақпаратты оның немере ағасы Сәкен Қуанышбеков ұсынды.

"8 сәуірде сағат кешкі 21:00 шамасында ол әкесінен ақша алып, үйден шығып кеткен. Бір жаққа барып келу керек депті. Сағат 23:30-дардан кейін достары оның денесін әкелді. Біздің басты талап - кінәлі адамды тапса екен. Бұл кісі қолынан болған өлім, оны қатты ұрған. Достарымен арадағы жазысқан хаттар, чаттар өшіріліп, тазартылған. Менің інімнің телефонын ғана аша алмапты. Онда бәрі сақталған. Медициналық сараптама нәтижелері дайын емес, біз өлімге не себеп болғанын нақты білу үшін күтіп отырмыз", - деп баяндады ол.

Марқұмның тағы бір немере ағасы Амангелді Қуанышбеков Сағындық спортпен айналысатын, шымыр бала болғанын жеткізді. Сол күні достары оны мотоциклден құлап көз жұмғанын айтқан.

"Ол шамамен сағат 23:00-23:30-да көз жұмған. Достарына үлкендері оны мотоциклден құлап көз жұмғанын айтуды тапсырған. Достары да дәл солай жеткізді. Қазір ауылда оның жүрегі әлсіз болған деген сөздер жүріп жатыр. Бірақ мұның бәрі өтірік, оның дені сау болған, күнде жаттығуға баратын. Ұрған екен. Достары соққыға жығылғанын мойындады. Біреудің үйіне барып, сарайын тазалауға мәжбүрлеген екен, ал інім бармапты. Сол үшін оны ұрыпты", - дейді ол.

Басылымға өңірлік полиция күдікті ретінде оның ауылдасы, 20 жастағы жігіт ұсталғанын хабарлаған. Оған қатысты ҚР ҚК 196-бабы бойынша (адам өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық іс қозғалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2235321-manggystauda-bir-uiding-17-zhastagy-zhalgyz-uly-zhumbaq-zhagdaida-koz-zhumdy-zhaqyndary-ony-oltirip-ketkenin-malimdedi/