Оқыс оқиға

Зектілері

Ақтөбеде TikTok желісіне қару ұстап түскен суретін жариялаған жасөспірімдер полиция бөліміне жеткізілді

Жарияланған күні:

Қару
Қару ұстаған адам. Көрнекі сурет: Александр Поташев / Getty Images

Ақтөбе облысында полиция қызметкерлері әлеуметтік желіні мониторинг жүргізу барысында жасөспірімдердің атыс және суық қару ұстаған фотосуреттерін анықтады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ IIМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, TikTok желісінде 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер тапанша тәрізді заттарды ұстап түскен бірнеше фотосурет жариялаған.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде алты жасөспірім анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында анықталғандай, олардың бесеуі – Ақтөбе қаласындағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, ал біреуі – аудандық мектептердің бірінің жоғары сынып оқушысы болып шықты.

Жасөспірімдердің бірінен газды тапанша тәркіленді. Тәртіп сақшыларына олар бұл әрекеттерге контент үшін барғанын, қорқыту мен зорлық-зомбылықты насихаттау мақсатында емес, тек қызығушылықтан жасағанын түсіндірген. Аталған факт бойынша кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, олар профилактикалық есепке алынды.

Жарияланған суреттер жойылып, жасөспірімдер оқитын білім беру ұйымдарында қосымша түсіндіру және алдын алу шаралары ұйымдастырылды.

Басылым мәліметінше, 10 сәуірден бастап республика аумағында "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл шара аясында құқық қорғау органдары рейдтік және профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, әлеуметтік желілерде де жан-жақты мониторинг жүргізеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2236122-aqtobede-tiktok-zhelisine-qaru-ustap-tusken-suretin-zhariialagan-zhasospirimder-politsiia-bolimine-zhetkizildi/