"Жетістігін қызғанған": Жаңаөзен лицейі оқушының соққыға жығылуына қатысты түсініктеме берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жаңаөзендегі лицей әкімшілігі оқушының соққыға жығылуына қатысты пікір білдірді. Тиісті мәлімдеме ұйымның Instagram парақшасында жарияланды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Лицей әкімшілігінің мәліметінше, оқиға 2025 жылғы 17 сәуірде Жаңаөзен қаласында сабақтан тыс уақытта 11-сынып оқушылары арасында болған.
"Оқиға салдарынан бір оқушы медициналық мекемеге жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Шәкіртімізге қажетті ем-дом шаралары көрсетіліп, жан-жақты психологиялық қолдау ұсынылуда. Біз оның тезірек сауығып, ортамызға аман-есен оралуына тілекшіміз.
Лицей әкімшілігі тарапынан ата-аналармен бірлесіп тәрбиелік және алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылданды. Оқиғаға қатысы бар оқушылар мектепішілік есепке алынып, олармен жеке жұмыстар ұйымдастырылды. Қазіргі таңда оқушылар өз әрекеттеріне өкініп, бір-бірінен кешірім сұрап, татуласқан.
Аталған оқиға бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Бұл іс Білім басқармасының тікелей бақылауында.
Өкінішке қарай, әлеуметтік желілер мен кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан мәліметтердің бір бөлігі шындыққа жанаспайды. Анықталмаған, расталмаған ақпараттар тергеу барысына кедергі келтіріп қана қоймай, зардап шеккен тараптың да психологиялық жағдайына теріс әсер етуі мүмкін.
Осы орайда барша ақпарат құралын және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге, дәлелденбеген мәліметтер таратпауға және баланың құқығын қорғауға шақырамыз.
Біз ата-аналармен, педагогтармен және қоғаммен ашық, сындарлы байланыс орнатып, мұндай жағдайлардың алдын алуға бірлесіп күш жұмсауға дайынбыз", - деп жазған лицей әкімшілігі.
Еске салсақ, 16 сәуірде оқушыны құрдастары тап үйінің маңында соққыға жыққан. Бұған оның жақында шетел университетіне грантқа түскені себеп болған, деп жазады жергілікті басылым.
Баласының соққыға жығылғанын көрген әкесі оған көмекке ұмтылған, алайда ол бір топ балаға шамасы жетпей, аяғынан жарақат алған.
Зардап шеккен оқушы ата-анасымен бірге Жаңаөзен көпбейінді ауруханасына жатқызылды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2237277-zhetistigin-qyzgangan-zhangaozen-litseii-oqushynyng-soqqyga-zhygyluyna-qatysty-tusinikteme-berdi/