"Сексуалдық қысымға бола оқ атылды": полиция Руслан Берденовке не үшін шабуыл жасалғанына қатысты қауесеттерге жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русском
Полицейлер мен Шымкент әкімдігі Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалудың себептері туралы қауесеттерді жоққа шығарды – интернетте ол күдіктінің әйеліне сексуалдық қысым көрсетті деген сыбыс тараған болатын, деп жазады Kazinform. .
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қылмыстың жеке себептері туралы расталмаған нұсқалар тарай бастады, оның ішінде күдіктінің әйеліне сексуалдық қысым көрсету де болды. Алайда Шымкент қалалық полиция департаменті бұл нұсқаны жоққа шығарды.
"БАҚ пен әлеуметтік желілерде әкімнің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға күдіктінің әйеліне жасалған қысым себеп болды деген жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдейміз", - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаменті.
Бұл жағдайға қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімінің басшысы Әйгерім Жұмағұлова да түсінік берді. Ол күдіктінің әйелі Берденовпен таныс емес екенін атап өтті.
"Полиция бөлімінде ұсталған адамның әйелімен сөйлестім. Айғақ беруге келген әйел Берденовті танымайтынын айтты. Ондай жағдайда қандай қысым көрсету туралы айтуға болады? Тергеу қорытындысы шыққанша, сот үкім шығарғанша сізге үзілді-кесілді айып тағуға кім құқық берді?! Сексуалдық қысым нұсқасын айтып қана қоймай, күдіктіні ақтайтын (сот шешімі шыққанға дейін ол осы мәртебеде қалады), тергеусіз сотты ақтайтын адамдарды түсінбеймін", - деді Жұмағұлова.
Ол БАҚ өкілдерін, блогерлер мен құқық қорғаушыларды заңды бұзбауға және жалған ақпарат жарияламауға шақырды.
"БАҚ, блогерлер, құқық қорғаушылар — Қазақстан Республикасының заңдарын есте сақтаңыздар. Күдіктінің, оның жұбайының жеке деректерінің, олардың әлеуметтік желідегі парақшалары мен фотосуреттерінің жариялануы, тексерілмеген мәліметтердің факт ретінде көрсетілуі – мұның бәріне ең алдымен медиа заңгерлер баға береді деп ойлаймын. Мен сондай-ақ екі отбасының балаларын ойлауға шақырамын. Жеке деректерді жариялау арқылы сіз олардың болашағына қауіп төндіресіз. Ақпаратты тексермей, біреуді сексуалдық қысым көрсетті деп айыптамас бұрын екі жанұяны қандай жағдайға қоятыныңыз туралы бір сәт ойланыңыз. Бәлкім тоқтайтын кез келді", - деп жазды ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2238018-seksualdyq-qysymga-bola-oq-atyldy-politsiia-ruslan-berdenovke-ne-ushin-shabuyl-zhasalganyna-qatysty-qauesetterge-zhauap-berdi/