Шымкентте алғаш рет пәтер иесі жалға алушының өлімі үшін жазаланды
Жарияланған күні:

Шымкентте пәтер иесі жалға беру барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін сотталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қала прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қалалық прокуратура мәліметінше, "А." есімді азамат пәтерді газ қызметімен келісімсіз және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтамай, жалға берген. Салдарынан пәтерде газ тарап, пәтерді жалға алушы "Б." көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болды.
"2025 жылдың 18 сәуірінде Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты әйелді Қылмыстық кодекстің 306-бабы ("Жұмыс жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзу") бойынша кінәлі деп тауып, 4 жыл шартты жаза тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі", - делінген хабарламада.
Прокурорлар бұл жағдай пәтерді жалға беріп, табыс табатын әр азаматтың жалға алғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті бар екенін айқындайтынын айтты.
"Жауапсыздық ауыр зардаптарға және қылмыстық жауапкершілікке алып соғуы мүмкін", - дейді ведомство өкілдері.
Қалалық прокуратура заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2241288-shymkentte-algash-ret-pater-iesi-zhalga-alushynyng-olimi-ushin-zhazalandy/