Астанада бұрынғы спорт вице-министрі Қожағапановқа үкім шықты
Опубликовано:
Читать на русском
Астанада қызмет бабын асыра пайдаланды және қаржы жымқырды деп айыпталған бұрынғы спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ол үш жылға бас бостандығынан айырылды.
"Ерлан Қожағапанов Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - делінген сот үкімінде.
Қожағапановтың жазасы қамауға алынған күннен бастап есептеледі, яғни, 2024 жылдың 1 наурызынан бастап қамауда ұсталған 1 күні 1,5 тәулікке бас бостандығынан айыру болып саналады.
Іс бойынша екінші айыпталушы "Success К" компаниясының басшысы Ләззат Көккөзова 190-баптың 4-бөлігі "Алаяқтық" дерегі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сот оған 7 жыл бойы басшылық қызметте жұмыс істеуге тыйым салды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабына сәйкес, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның не лауазымды адамның өзіне немесе басқа адамдарға немесе ұйымдарға пайда мен артықшылық алу мақсатында қызмет мүдделеріне қайшы келетін қызметтік өкілеттігін пайдалануы, не басқа адамдарға зиян келтіруі, егер бұл салдарды шектеуге әкеп соқтырса, - мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылады және жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеледі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2246397-astanada-buryngy-sport-vitse-ministri-qozhagapanovqa-ukim-shyqty/