Бүйрегін 13 млн теңгеге сатпақ болған тұрғын қылмыстық жауаптылықтан босатылды
Жарияланған күні:
Түркістан қаласының ауданаралық сотында өзінің ағзасын сатуға оқталған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Түркістан облыстық сотының Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәліметке сүйенсек, ер адамға Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 116-бабы 1-бөлігі (трансплантациялау не өзгедей пайдалану үшін тірі адаманың ағзаларына қатысты заңсыз мәмілелер жасауға оқталу) бойынша айып тағылған.
Сотта анықталғаны сотталушы өзінің бүйрегін сату мақсатында 2025 жылғы ақпанда Telegram әлеуметтік желісі арқылы жарнама жасаған.
Кейін ол ішкі істер органдарының жедел іс-шарасы аясында әрекет еткен тұлғамен жолығып, ағзасын 13 млн теңгеге сатуға келісіп, 5 млн теңге қаражатты қолма-қол алу кезінде ұсталған.
Сотта сотталушы өз кінәсін толық мойындап, бұл әрекетке ауыр материалдық жағдайға және ақшаға мұқтаж болғандықтан барғанын, жасаған ісіне өкінетінін айтқан.
Сот жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс санатына жататынын және зиян келтірілмегенін ескере отырып, "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасы Заңын қолданып, 2026 жылғы 5 ақпанда сотталушы қылмыстық жауаптылықтан босатып, іс жүргізуді тоқтатқан.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2345472-buiregin-13-mln-tenggege-satpaq-bolgan-turgyn-qylmystyq-zhauaptylyqtan-bosatyldy/