Атырау облысында отбасының жоғалуы: күдікті деп танылған күйеу бала Индонезияда ұсталды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Қазақстан ІІМ Атырау облысындағы екі адамды өлтіру ісі бойынша күдіктіні Индонезияда ұстағанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоға сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстан Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен бірлесіп, Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады. Ол Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған.
Онымен бірге бұған дейін хабар-ошарсыз кетті деп халықаралық іздеуге жарияланған бұрынғы жұбайы да табылды.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қарашада Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжалдан соң пайдаға кенелуді көздеп, екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған. Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді шаруашылық құрылысының астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген.
Қазіргі уақытта оларды Қазақстанға депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Еске сала кетейік, Атырау облысында 2025 жылдың соңында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасын полиция іздестіріп жатқаны хабарланған еді. Полицияға 2025 жылдың 25 желтоқсанында Атырау қаласының тұрғыны жүгінген. Ол ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткенін айтқан.
6 қаңтарда отбасының екі мүшесі, атап айтқанда ерлі-зайыпты Қарабалин Мақсот пен Өтешқалиева Нәсіп өз үйінде өлі табылған. Аталған оқиғаға қатысты "кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ауыл халқы жер қойнына тапсырды.
Одан бөлек, полиция қызметкерлері желідегі "хакер" атты белгісіз адамның Атырау облысында жұмбақ жағдайда жоғалған адамдардың жүрген жерін өз бетінше тапқаны туралы ақпаратын жоққа шығарды. Сондай-ақ аталған тұлғаға қатысты алаяқтық бабымен қозғалған төрт іс бойынша іздеу жарияланғаны хабарланды.
Сондай-ақ Атырау облысы полициясы Жангелдин ауылында өз үйінде өлі күйінде табылған ерлі-зайыптының өліміне қатысты іс бойынша әйел адамға іздеу жарияланған болатын.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2347154-atyrau-oblysynda-otbasynyng-zhogaluy-kudikti-dep-tanylgan-kuieu-bala-indoneziiada-ustaldy/