Еліміздің қай өңірлерінде қыздарды некеге тұруға жиі мәжбүрлейді
Жарияланған күні:
Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға жауабында еліміздің қай өңірлерінде қыздарды некеге мәжбүрлеу фактілері жиі тіркелетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаты Абзал Құспанның депутаттық сауалына берген жауабында 2025 жылы "Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойылғанын еске салды.
Премьер-министрдің мәліметінше, 2025 жылы заң күшіне енген күннен бастап Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы (сталкинг) бойынша 15 қылмыстық іс және Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) бойынша 12 қылмыстық іс тіркелді.
"Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдар азаматтардың заңнаманың новеллалары туралы хабардар болуын арттыру, сондай-ақ жаңа қылмыстық-құқықтық нормалардың іс жүзінде қолданылуының алдын алу және қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жандандырды.
Бұл ретте құқық қорғау органдарында қылмыстық және әкімшілік заңнаманың жаңа нормаларын іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша жеке құраммен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі", - дейді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, көрсетілген жұмыс аясында тіркеу тәртібі туралы ережелер, өтініштер мен хабарламаларды қарау жеткізіледі, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу тәртібі түсіндіріледі.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл жыл басынан бастап сталкинг фактілері бойынша 79 қылмыстық іс және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша 31 қылмыстық іс тіркелді.
Сталкинг бойынша мынадай қалаларда:
Шымкент – 23,
Астана – 16,
Алматы – 8,
Павлодар және Қызылорда – 7,
Абай және Түркістан – 3,
Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан – 2,
Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары – 1 іс тіркелді.
Некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша:
Шымкент қаласында – 15,
Түркістан облысында – 10,
Алматы және Қызылорда облыстарына – 2,
Алматы қаласында және Жамбыл облысында – 1 іс тіркелген.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2347972-elimizding-qai-ongirlerinde-qyzdardy-nekege-turuga-zhii-mazhburleidi/