Атыраулық отбасының жоғалуына қатысты іс: қылмыстың себебі айтылды
Жарияланған күні:
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты қылмыс ашылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.
Ведомствоның ақпараттық медиапорталының хабарлауынша, 2025 жылдың желтоқсанында полицияға 66 жастағы ер адамның, 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түсті.
Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, жедел-тергеу тобы құрылды. -
"Былтыр желтоқсанның соңында Атырау тұрғыны полицияға хабарласып, ағасы мен оның отбасы ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпай жүргенін айтты. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде кісі қолынан қаза тапқан адамдардың денелері әртүрлі жерде көмілген күйде табылды", - деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
6 қаңтарда тергеу әрекеттері барысында үйдің ауласында орналасқан шаруашылық құрылыстың ішінен ерлі-зайыпты зейнеткерлердің денесі табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, балаларды іздестіру жалғасты.
Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызы да халықаралық іздеуге берілді. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.
"Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Индонезиядағы шетелдік әріптестерімен бірлесіп, аталған елдің аралдарының бірінде Атырау облысында жасалған қылмысқа қатысты күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қазақстанның ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов.
Күдікті Индонезияда ұсталды. Онымен отбасының кіші қызы бірге жүргені анықталды.
Ұсталғаннан кейін ер адам кінәсін мойындады. Оның көрсетуімен жедел-тергеу тобы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізді. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.
"Қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Тергеу екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша жүргізілуде, іс министрліктің бақылауында", - деді Қанат Нұрмағамбетов.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр және ерекше бақылауда. Сондай-ақ отбасының кіші қызының бұл іске қатыстылығы тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау мақсатында ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға жіберілді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2352045-atyraulyq-otbasynyng-zhogaluyna-qatysty-is-qylmystyng-sebebi-aityldy/