Қазақстанда сталкинг бойынша 51 іс сотқа жолданды
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов сталкинг қылмыс ретінде қарастырылған күннен бастап қанша іс сотқа жолданғанын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисовтың сөзінше, сталкинг қылмыс ретінде енгізілген күннен бастап сотқа 51 іс жолданған. Оның ішінде 36 іс бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған санаттағы істерді тергеп-тексеру ІІМ-нің бақылауында.
Осындай оқиғалардың бірі Батыс Қазақстан облысында тіркелді. Бұрынғы жұбайы әйелді жүйелі түрде қудалап келген: оған қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жазған, жаңа байланыс нөмірлерін тауып алған, тұрғылықты жеріне келіп, күш қолданамын деп қорқытқан. Әйел телефон нөмірін ауыстырып, оны бұғаттағаннан кейін де ер адам түрлі аккаунттар мен нөмірлер арқылы жазуды жалғастырып, оның еркінен тыс байланыс орнатуға тырысқан. Бөкейорда аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Астанада ер адам сталкинг жасағаны үшін сот шешімімен кінәлі деп танылды. Қала тұрғыны жарты жыл бойы әйелді қудалап келген. Әйел қарым-қатынасты жалғастырудан бас тартып, мессенджерлерде бұғаттағанына және оған қатысты қорғау нұсқамасы шығарылғанына қарамастан, ер адам оны мазалауын тоқтатпаған. Ол жәбірленушінің жұмыс орнына және тұрғылықты жеріне барып, сондай-ақ оның келісімінсіз бейнежазбаға түсірген. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындап, моральдық зиянды өтеуді міндеттеді. Бұдан бөлек, бұрын тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасының талаптарын бұзғаны үшін жазаның өтелмеген бөлігі нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Семейде де осыған ұқсас дерек тіркелді. 31 жастағы ер адам некеде бола тұра ұзақ уақыт бойы басқа бір қызды аңдып жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.
"Осы орайда азаматтарымызға үндеу жасағымыз келеді. Егер сіз, жақындарыңыз немесе таныстарыңыз заңсыз қудалауға тап болса, оны еш жағдайда елеусіз қалдырмаңыздар. Қылмыстық әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін дереу полицияға хабарлаңыздар", - деп толықтырды Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Самат Аисов.
Ішкі істер министрлігінің өкілі заңсыз сипаттағы қудалаудың кез келген түріне құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2355117-qazaqstanda-stalking-boiynsha-51-is-sotqa-zholdandy/