Нұрай Серікбайдың өлімі: күдікті мәжбүрлі емдеуге жіберілген
Жарияланған күні:
Читать на русском
Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша жаңа дерек шықты – күдікті мәжбүрлі емдеуге жіберілген, деп хабарлайды қалалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктіге қатысты тергеу адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша жалғасып жатыр. Тергеу барысы бақылауда.
"Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша күдіктіден психикалық бұзылыстар анықталып, осыған байланысты ол мамандандырылған мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Емдеу аяқталғаннан кейін күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына қамалады", - делінген Шымкент ПД ұсынған ақпаратта.
Ведомство өкілдері тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыста екенін атап өтті.
"Үздіксіз байланыс қамтамасыз етіліп, қабылданған процессуалдық шешімдер бойынша түсіндірмелер беріліп, заңда белгіленген тәртіппен тергеу барысы туралы ақпарат ұсынылып, сараптама қорытындылары мен іс материалдары түсіндіріліп жатыр", - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады және көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салады.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтарда кешке Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйдің маңынан жас қыздың мәйіті табылған еді. Марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болған.
13 қаңтарда күдіктінің Шымкенттен 10 шақырым жерде ұсталғаны белгілі болды.
Сонымен қатар полиция оның сот санкциясымен қамауға алынғанын мәлім етті.
Қоғамда резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер қызметінен босатылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2360323-nurai-serikbaidyng-olimi-kudikti-mazhburli-emdeuge-zhiberilgen/