Таразда жасөспірімді ұрып, жанарын ағызып жіберді деген күдікпен қатарласы қамауға алынды
Жарияланған күні:
Таразда жасөспірімді ұрып, жанарын ағызып жіберген деген күдікпен қатарласы қамауға алынды. 10 сынып оқушысы алған жарақатынан есінен танып жансақтау бөліміне түскен, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Төбелеске қатысы бар 4 оқушы тергеуге алынған. Ал көзінен айырылған баланың анасы ұлының болашағына алаңдап отыр.
"Дәрігерлер ағып кеткен баланың көзін бөлшектеп әрең жинаған. Енді ең бастысы ағып кеткен көз арқылы түскен инфекция миға жетпесе екен деп тілеңіздер, дейді дәрігерлер. 10 күндей ерекше күтім керек деді. Не істерімді білмеймін", - дейді жәбірленушінің анасы.
Оқиға қаладағы мектеп гимназиялардың бірінің киім ауыстыру бөлмесінде болған. 15 жастағы оқушыны төменгі сыныптың оқушылары қаумалап, киім ауыстыратын жерге кіргендері мектептің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Ішке кірген бетте төбелес басталып кеткен көрінеді. Ажыратуға ұмтылған сыныптасын қасындағылар ұстап қалыпты. Сол сәтте басына тиген соққыдан еденге ес түссіз құлаған оқушы ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер жәбірленушіге жедел түрде ота жасап қатаң балауға алған. Мектеп оқушысы сол көзінен айырылып, миы шайқалған. Қазір оқушылар арасындағы ерегіске не себеп болғаны анықталып жатыр. Олар кәмелетке толмағандықтан, ата-аналары да жауапқа тартылмақ.
"Жәбірленушіге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдеммен емдеу мекемесіне жеткізілді. Жұмыс тобы құрылып жағдай жан-жақты зерделенуде", - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2366190-tarazda-zhasospirimdi-uryp-zhanaryn-agyzyp-zhiberdi-degen-kudikpen-qatarlasy-qamauga-alyndy/