Семейде 20 жастағы студент құрылыс алаңында қолынан айырылды: жантүршігерлік оқиғаға қатысты деректер айтылды
Жарияланған күні:
Семейде жас жігіт құрылыс алаңында қолынан айырылды. Жергілікті университеттің бірінде төртінші курста студент демалыс уақытында ақша табу үшін құрылысқа барған. Алайда цемент араластыратын құрылғы қосылып кетіп, оның бір қолын турап тастапты. Енді оның жақындары жауаптылардың жазаға тартылуын талап етіп жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
20 жастағы Асылжан оң қолынан айырылғанына әлі сенбейді. Оқыс оқиға құрылыс нысандарының бірінде болған. Заң факультетінің 4-курс студенті демалыс уақытында маңдай терімен қаражат тапақ болған. Алайда цемент араластыратын құрылғының ішін тазалап жатқанда, апарат кенет қосылып кетен. Сол сәтте оның бір қолын бір-ақ турап, білегін бөліп тастаған.
"Құрылғыны өшіріп, ішіндегісін лақтырдым. Күрек жетпей қалды. Кішкентай қалақпен қолымды тыққанмын. Білмеймін, қалай болғанын. Өз бетімен қосылып кетті. Көзімді ашсам, жерде жатырмын. Қасымда бәрі шыр айналып жүгіріп жүр. Бәрі бұлыңғыр болып кетті", - дейді Асылжан Кәлелов.
Ес-түссіз қалған жігітті жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оған дереу ота жасап, қолын кесуге мәжбүр болған. Ал ата-анасы аурухана төсегіне таңылған баласының халін сұрап, бірде-бір адам төбе көрсетпеді дейді. Тіпті олар құрылыс алаңында шашылған саусақтарды да өздері жинап алғанын айтады.
"Енді ғана дипломын алып, жұмысқа кіреді деген шағында қайғылы жағдай болды. Өзі психологиялық соққы алып отыр. Енді алдағы болашақ өмірі қалай болады? Білмеймін", - дейді Асылжанның анасы Гүлмира Сарсембаева.
Телеарна тілшілерінің айтуынша, жазатайым оқиға орын алған құрылыс алаңына бас сұққан. Алайда мәселенің нақты мәнісін түсіндіретін адам табылмаған. Енді еңбек инспекциясы сап-сау студенттің мүгедек болуына байланысты арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізбек.
"Оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеруге кірісті. Ол аяқталғаннан кейін тергеу материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберіледі", - дейді Абай облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің инспекторы Қайрат Жөкебаев.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ал жәбірленушінің ата-анасы жауаптылардың жазаға тартылуын талап етеді.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз