Павлодарда курьерді алабай талады: сот иттің қожайынына айыппұл салды
Жарияланған күні:
Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында ит қапқан ер адамға материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық іс қаралды. Бұл туралы Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сот дерегінше, , талап қоюшы азамат газ баллондарын сатып алушылардың мекенжайына жеткізумен айналысқан. Кезекті тапсырыс бойынша мекенжайға баллонды жеткізу кезінде оларға тиесілі "алабай" тұқымды ит шабуыл жасаған. Ит оның екі қолын тістеп, жарақаттаған. Салдарынан талап қоюшы 38 күн бойы емделуге мәжбүр болған.
Сарапшы қорытындысына сәйкес, зардап шеккен курьердің денсаулығына орташа зиян келген.
Осылайша, иттің қожайыны Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасында белгіленген үй жануарларын ұстауға және серуендетуге қойылатын талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Сот жауапкерден талап қоюшының пайдасына келтірілген моральдық зиян үшін 750 000 теңге мөлшерінде өтемақы өндірді. Сондай-ақ, сотқа ұсынылған түбіртектер мен чектер негізінде дәрілерді сатып алуға байланысты 27 085 теңге мөлшерінде материалдық шығын өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді", - делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2368911-pavlodarda-kurerdi-alabai-talady-sot-itting-qozhaiynyna-aiyppul-saldy/