Теміртауда құрылысы аяқталмаған нысанда үш баланы тоқ соқты: қылмыстық іс қозғалды
Жарияланған күні:
Теміртауда құрылысы аяқталмаған нысанда үш бала тоққа түсті. Олардың бірі қоршалған аумаққа түсіп кеткен допты алуға кіріп, қоршауды ұстаған кезде тоқ соққан. Мұны көрген тағы екі бала көмекке ұмтылғанда оларды да тоқ ұрған. Қазір ойын балалары ауруханада жатыр. Ал аула тұрғындары құрылыс нысанына тартылған электр желілерінің қаупін бұған дейін де биліктегілерге айтқанын баяндап, наразы болды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Көпқабатты үй тұрғындары әлі есеңгіреп жүр. Кеше осы аулаға екі жедел жәрдем шақыруға тура келді. Алғашында 9 жастағы баланы алып кетсе, кейін оны құтқармақ болған 12 және 13 жастағы тағы екеуін ауруханаға жеткізген.
"Мына қоршауға жүгіріп келгенде шалынып құлады. Қатты қалтырай бастады. Сөйтсем, тоқ соғып жатыр екен. Бір тот басып кеткен сым темірді ұстапты. Біз "ұстама" деп айтқанбыз. Екі бала оны сүйрейміз дегенде, олар да қалтырап кетті", - дейді оқиға куәгері Григорий Станку.
Төтенше жағдай құрылыс алаңында болған. Тұрғындар бұл электр сымының ашық жатқанынан дейді. Сол күні жауын жауғаны да бар. Соның салдарынан тоққа бірінші түскен баланың қолы мен беті күйген. Бүгін жансақтау бөлімінен шығарылды.
"Баланың жағдайы бірқалыпты деді. Екі бала да жаман емес көрінеді. Бәрі шошынып қалған. Қоршаудың ішіне өтетін тесік бар. Нысанды күзететіндер қайда қараған?", - дейді баланың анасы Мариям Нығматуллина.
Тұрғындар құрылыс алаңында қауіпсіздікке мән берілмейтінін айтады. Электр сымы нысанды күзететіндер отыратын дүңгіршекке тартылған. Ал құрылыс бір жылдан бері тоқтап тұр. Басталғанына бес жыл өткен. Жоба құны 2 жарым миллиард теңге. Мердігер оның жартысынан жуығын алып қойған. Ал жұмыс бітпеген.
"Бұл жерде тұрғындар тарапынан арыз‑шағым болған, онда дауыл болған кезде, мердігер жұмысын істеп шыққан біз ескерту берген болатынбыз. Сол ескертуден кейін бұлар түзеп шыққан, одан кейін қыс, қар болды, нысан қазір қоршаулы, қоршау болған соң, мұндай болады деп ойлаған жоқпыз", - дейді Теміртау қаласы құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жәкітай.
Құрылысы тоқтаған нысандағы қауіпсіздік жайын тергеу анықтайтын болады. Аталған оқиғаға байланысты "Салғырттық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2369409-temirtauda-qurylysy-aiaqtalmagan-nysanda-ush-balany-toq-soqty-qylmystyq-is-qozgaldy/