"Жағы мен мұрны сынған": ШҚО-да шекара қызметкеріне күш көрсеткендер сот алдына келді
Жарияланған күні:
Кассациялық сот билік өкіліне күш қолдану әрекетіне қатысты қылмыстық істі қайта қарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың мәліметінше, 2023 жылғы 1 қыркүйекте Үржар ауданы бойынша шекара басқармасының қызметкері қызметтік міндетін атқару барысында жүк автокөлігінің жүргізушісі тарапынан жасалған әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, оған ескерту жасаған.
Алайда сол түні жүргізуші мен оның танысы алкогольдік масаң күйде қызметкердің үйіне әдейі келіп, оны сыртқа шығарып, өмірлік маңызды ағзаларына соққы жасаған, жәбірленуші қашып құтылмақ болған кезде оны қуып жетіп, күш қолдануын тоқтатпаған. Салдарынан жәбірленушінің жақ сүйегі мен мұрын сүйегі сынған.
Кассациялық сот ҚК-нің 380-бабы 6-бөлігі 4) тармағы бойынша екі сотталушыға рақымшылық актісін қолданып, 8 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды негізді деп таныған. Бұл қорытынды төмендегі мән-жайларға байланысты жасалған:
- шабуыл кездейсоқ болмаған: сотталғандар алкогольдік масаң күйде жәбірленушінің үйіне қасақана келіп, кек алу ниетімен әрекет еткен, бұл олардың қылмыстық пиғылы болғанын растайды;
- өмірге қауіпті күш қолдану фактісі тек келтірілген зардаптың ауырлығымен ғана емес, кінәлілердің әрекет сипатына қарай да айқындалады. Өмірлік маңызды ағзаларға соққы жасау, оның ішінде жәбірленуші қашуға әрекеттенген кезде де күш қолдануды жалғастыру, денсаулыққа іс жүзінде жеңіл зиян келтірілгеннің өзінде, жәбірленушінің өміріне нақты қауіп төнгенін көрсетеді. Жәбірленуші бірнеше рет стационарлық ем қабылдап, хирургиялық операциялардан өткен;
- сотталғандардың аса ауыр қылмыс жасағаны туралы құқықтық баға дұрыс деп танылып, тағайындалған жаза әділ әрі жасаған әрекеттеріне сай деп танылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2369529-zhagy-men-murny-syngan-shqo-da-shekara-basqarmasynyng-qyzmetkerine-kush-korsetkender-sot-aldyna-keldi/