Қарағандыда бір қабірге таласқан екі отбасының дауын эксгумация шешетін болды
Жарияланған күні:
Қарағандыда мүрде көмілген бір қабірге таласқан екі отбасының дауына нүктені эксгумация қоятын болды. Бір тараптың арызы бойынша Қарағанды облысының апелляциялық коллегиясы қабірді қазып, онда жатқан кімнің мүрдесі екенін анықтауға рұқсат берді, деп хабарлайды "КТК" арнасы.
Сотқа арызданған азамат — Қарағанды тұрғыны Айгүл Жәмиленова. Ол 2024 жылғы 19 қарашада Құрылыс ауылы маңындағы бейітке анасын арулап жерлепті. Рәсімнен кейін қабір айналасын тағы үш адам сыятындай өлшеп, қадасын қағып, жібін тарып кеткен. Келесі жылы жазда келсе, белгіленген жерде басқа біреудің мазары тұр, дейді. Қарағандының басқа тұрғыны мұнда өз апасын 2024 жылдың 26 қарашасында жерлеген. Қабір қазушы топырағы кеппеген қабірді қайта қазатындай "әруақтан аттауым мүмкін емес" деп отыр.
Айгүл алғашында аудандық сотқа арызданып, жеңіліп қалған. Ал апелляциялық шағымы қанағаттандырылды. Енді сот шешімімен эксгумация мен ДНК сараптамасының шығынын қабірде жатқан мүрдеге қатысы жоқ тарап көтеретін болады.
"Жерлеу рәсімінде болған барлық туысқаны, ол жерде жасы да, кәрісі де бар, бәрі Айгүлдің анасы сол жерге жерленгенін бірауыздан айтып отыр. Апелляциялық коллегия арызымызды қанағаттандырды. Эксгумация мен ДНК сараптамасын жүргізуге міндеттеді. Менің ойымша, бұл дауға нүкте қою өте маңызды", - дейді арызданушының адвокаты Бауыржан Ізділеуов.
Дереккөз: "КТК" арнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2369892-qaragandyda-bir-qabirge-talasqan-eki-otbasynyng-dauyn-eksgumatsiia-sheshetin-boldy/