Блогер Жанабыловтарға сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін, 27 сәуірде елордалық сотта блогерлер Ерболат Жанабылов пен оның әйелі Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін прокурор процестік келісімге байланысты блогерлерге жаңа жаза мерзімін тағайындауды сұраған еді. Процестік келісім бойынша, олар кінәсін толық мойындап, 247 миллион теңгеден астам залалды өтеген.
Осыған байланысты прокурор Эльмира Төлегеноваға жазаны өтеуді кейінге қалдыра отырып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын, ал Ерболат Жанабыловқа екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Судья прокурор ұсынған жаза мерзімімен келісті – блогерлер заңсыз кәсіпкерлік және қылмыстық жолмен алынған ақшаны және/немесе басқа мүлікті заңдастыру (жылыстату) үшін кінәлі деп танылды.
"Ерболат Жанабылов ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы және 218-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Мүлкі тәркіленіп, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Барлық мерзімге пробациялық бақылау белгілей отырып, Жанабыловқа тағайындалған жаза шартты деп танылсын.
Эльмира Төлегенова ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігінің 2-тармағы және 218-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жаза мерзімін өтеу екі жылға кейінге қалдырылысын", - деді судья.
Сот сондай-ақ Жанабылов пен Төлегенова қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған iPhone 16 (17 дана) және Hyundai Elantra (8 дана) көліктерін тәркілеуді қаулы етті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2370551-bloger-zhanabylovtarga-sot-ukimi-shyqty/