"Қол көтеріп, видеоға түсіріп қорлады": Алматылық әйел көптен көмек сұрады
Жарияланған күні:
35 жастағы алматылық келіншек қысым көргенін айтып, көмек сұрады. Ол қарым-қатынас құрған ер адам өзіне қол көтеріп, қорлап, бұл әрекетін видеоға түсіргенін мәлімдеді. Аталған жайтқа қалалық ПД өкілі пікір білдіріп, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Ер адам өзіне қол көтергеннен кейін әйел ара-қатынасты үзіп, полицияға арызданған. Бірақ іс мұнымен бітпеген көрінеді, шағымнан соң ер адам аңдуға, хабарламамен қорқытып, ақша бопсалауға көшті, дейді жәбірленуші.
"Ол мені Алматыда да бірнеше рет ұрған болатын. Қатты соққыға жыққаны Түркістанда болды. Басымнан жұдырықпен ұрып, құлағымнан қан аққанша соққыға жықты. Сосын видеоға түсіріп, кешірім сұрауға мәжбүрледі. Ұлтыма тиісіп, түрлі балағат сөздермен қорлады. Кейін арыз жазғанымда менің туыстарымды өлтіріп, мені мүгедек қыламын деп қорқытты. Сондықтан әлі де қорқынышпен өмір сүріп жүрмін", - дейді әйел.
Бүгінде Карина ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Әлі күнге дейін ізінен біреу аңдып жүргендей, қауіп төніп тұрғандай қорқатынын айтады. Себебі күдікті қамауға алынбаған. Ал қорқытуын тоқтатпады дейді. Карина басынан өткен сұмдықты әлеуметтік желіде де жазды. Жәбірленуішінің сөзіне сенсек, оқиға көпке мәлім болғанда ғана құзырлы орган іске көшкен. Полиция департаментінің хабарлауынша, ер адамға қатысты 2 бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдіктіге іздеу жарияланыпты.
"Екі қылмыстық іс қозғалды. Бірі Алматының Әуезов аудандық полиция басқармасы. Бірі Түркістан облыстық полиция департаментінде. Қазіргі таңда Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық кодексінің 115-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір күдікті болып танылған азаматқа жәбірленушіге жақындамау туралы қорғау хаты берілді. Бұл нұсқаманы бұзатын болса ол тағы да қосымша жауапкершіліке тартылатын болады", - деп пікір білдірді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2371164-qol-koterip-videoga-tusirip-qorlady-almatylyq-aiel-kopten-komek-surady/