"16 жасынан бері соңынан қалмайды": Жетісу облысында бойжеткен елден көмек сұрады
Жарияланған күні:
Желіде қазақстандық бойжеткен әлдебір ер адам өзін 16 жасынан бері аңдып жүргенін айтқан видеосы тарап жатыр. Бұл жарияланымға Жетісу облыстық полиция департаменті жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Видео "Письма президенту" Telegram-каналында жарияланды. Жазбада оқиғаның Жетісу облысында болғаны айтылған.
"Бойжеткен бірнеше жыл бойы өзінен әлдеқайда үлкен ер адам қысым жасап жүргенін айтты. Оның айтуынша, ер адам оны 16 жасынан бері аңдып, қысым көрсеткен және жалған ақпарат таратқан, ал құқық қорғау органдары тиісті шара қолданбай отыр", — делінген жазбада.
Видео 2025 жылдың қараша айында түсірілгені айтылады.
Облыстық ПД баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
"Қарау нәтижесі бойынша ер адам мамандандырылған медициналық мекемеге жатқызылды. Сонымен қатар 29 сәуірде Үшарал қаласының тұрғынынан сталкинг (аңду) фактісі бойынша арыз түсіп, соның негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", — деп хабарлады полициядан.
Ведомство өкілдері бұған дейін арызданушының бұл мәселе бойынша полиция органдарына жүгінбегенін де атап өтті.
"Қазіргі уақытта материалдар жинақталып жатыр, сондай-ақ азаматты мамандандырылған медициналық мекемеге орналастыру шаралары қолданылуда. Жағдай полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Барлық заңсыз әрекеттерге принципті құқықтық баға беріледі", — деп толықтырды ПД өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/accidents/crime/2371692-16-zhasynan-beri-songynan-qalmaidy-zhetisu-oblysynda-boizhetken-elden-komek-surady/